Шілденің шіліңгір ыстығында көпшілік еңбек демалысын алуға тырысады. Содан үйіне құрылыс жұмыстарын жүргізе бастайды. Үйінің төсеніш кілемдерін жуады. Одан қалды дүкен, базар аралап ләззат алады. Тіпті түске дейін ұйықтағанды да демалыс деп санайтындар бар. Осы біз шынымен дұрыс демала білмейміз бе? Кезекті еңбек демалысыңызды сауықтыру орталығына барып ем алуды немесе табиғат аясына шығып серуендеуді жаспарлайсыз ба?
Әр түрлі маман иелеріне сауал тастап көрдік. Мұғалім: қазақтың жақсы жұмыс істеп, демалғаны керек-ақ нәрсе. Бірақ мұғалімдерде жыл бойы демалыс өте көп қой. 2 ай еңбек демалысымды айтпағанның өзінде, жыл бойы мемлекеттік мерекелердің саны бастан асады. Демалыстың көптігінен не істерін білмей қалатын кездеріміз өте көп. Қазіргі заманда қазақ баласына қалғып-мүлгуге, ұйықтап жүруге, демалыс деп уақытын босқа өткізуге болмайды. Заман қарқыны, уақыт талабы оны күтпейді. Сондықтан демалыс мәселесіне назар аударып, қайта қараған жөн деп ойлаймын. Ал еңбек демалысыма келсем, балаларды алып бір жеті төркіндеп келуім мүмкін. Қалған күндерім қу тіршілікпен жүріп өтіп кетеді. Байланыс қызметкері: Мен айтарлықтай еңбек демалысымды бір жерге барып демаламын деп жоспарламаймын да. Айлығым шайлығымнан аспайды. Содан да болар демалысқа бола бас қатырмаймын. Әдетте менің демалысым кітап оқумен өтеді. Арасында теледидар көремін. Қалада болсын, ауылда да демала білетін жандар ұшін таңдау жетерлік. Бірақ сапалы демалу деген менің табиғатымда жоқ дүние. Әкімшілік қызметкер: Қазір заман дамып келе жатыр. Қоғам да заманға сай болуы керек. Біз кең байтақ жерімізді халықтың игілігіне жұмсауымыз, туризмді, туризм индустриясын дамытып, халықты соған тартқанымыз дұрыс.Менің бағыма орай табиғаты тамсандырар Өскемендегі Қатонқарағай тауының етегінде туғанмын. Жыл сайын еңбек демалысымды алған соң бала-шағаммен туып өскен жеріме барып аунап-қунап қайтуды дәстүрге айналдырғанбыз. Баспагер: Біз әу бастан демалысқа онша мән бермейміз. Бірен-саран болмаса, көпшілігі тиіп-қашып демалады. Солардың бірі – мен. Биыл 5-6 күнге Бурабайға барып, демалып келдім. Жалпы демалысты үрдіске айналдырған адамды тамыр-таныс, туған-туыс, жора-жолдастардың арасынан өз басым байқамадым. Мәселен, қырық жылдан бері білетін таныстар бар, солардың бір демалғанын көрмеппін. Шамасы, бұл біздегі менталитет. Оның себебі біріншіден, әдетке айналмаған. Екіншіден, құнтсыздық, демалысқа мән бермеушілік. Үшіншіден, көпшілігінің материалдық жағдайы көтере бермейді. Қолына еңбек демалысының азын-аулақ қаражаты түссе той-томалаққа, көші-қон, үй-жайын реттеуге жұмсайды немесе өзіне қажетті киім-кешегін сатып алады. Сонымен, қаражаты да таусылады. Қазақ та өркениетті елдердің қатарына қосылып демалып үйренуі керек. Демалыс – салауатты өмір салтын ұстану, оның артында адамның денсаулығы тұр. Осы мәселені ұлттық деңгейде насихаттап, жақсы демалыс орындарынан жұртшылықты хабардар еткен жөн. Отбасылық, әулеттік, ұжымдық демалыс ұйымдастырса, қандай ғанибет. Бұған мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлініп, жағдай жасалғаны жөн болар еді. Менің ойымша, тіпті мекеме тарапынан жағдай қарастырылса, мекеме басшылары қызметкерінің дұрыс демалуына жағдай жасап, мүмкіндігінше қолдау білдірсе нұр үстіне нұр. Бұл мәселелер жиі айтылып, үлкен әңгімеге арқау болатын, айналып келгенде халқымыздың өмір сүру ұзақтығына әсер ететін жағдай. Бұған жай демалыс немесе көңіл көтеру деп қарауға болмайды. Белгілі бір деңгейде ұлттың, халықтың мәдениетіне ықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан аса мән беріп, тереңнен қозғалатын тақырыптың бірі – осы. Бізде ішкі туризмді дамыту тетіктері дұрыс жолға қойылмаған. Шынтуайтына келгенде, ауылдан шыққан әр қазақ өз ауылынан демалыс орнын ашуға болады. Бірақ қолы қысқа, қалтасы жұқа. Мұндайда мемлекет тарапынан мән беріліп, демалыс орнын ашқысы келетіндерге субсидия бөлінсе де артық етпейді. Бірен-саран қалталы азаматтар ғана айналысып жүр, оның бағасы да қымбат. Демалыс орындары неғұрлым көп ашылса, бәсекелестік орта болса, бағасы да қарапайым халыққа қолжетімді болар еді. Кәсіпкер: Осыдан төрт-бес жыл бұрын еуропалық нәсілді бір жігіт менің көнеріңкіреген автокөлігімді сатып алды. Ол алдыңғы және артқы доңғалақтары қатар «жетелейтін» «кроссовер» машина болатын. Сонда жаңағы жігіт біз жолдастарымызбен демалыс күндері балық аулауға шығамыз, мынадай көлік сол үшін керек деп еді. Сол есіме түсіп кеткені. Сауда саттықпен айналысқан соң, өз басым еңбек демалысының не екенін білмейді екенмін.
Расында да, біз осы қалай демаламыз? Жалпы, демалыс дегенді қалай түсінеміз? Демалыс деген ұйықтау, теледидар қарау, одан қалды дүкен аралау ма? Сіз не дейсіз оқырман?
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через