фото: https://www.pexels.com/ru-ru/@kelly-1179532/
Синоптиктер биыл да қуаңшылық болады деп отыр.
Жазда күн ысып, сынап бағанасы 40 градустан жоғарылайды деген болжам бар. Тұспал тура шықса, аграрлық салаға ауыр тиеді. Сын сәтте шаруаларды қолдау үшін қазірден бастап қандай іс-шара қолға алынып жатыр?
Былтыр Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы арқылы бөлінген қаржы 555 млрд теңгеге жуықтады. Осыған дейін дейін жалпы сомасы 50 млрд теңге болар несиені ұзартуға өтініш қабылданыпты. Енді шаруаларға тиімді шартпен лизинг ұсынылып отыр. «Бұл – Нарық» айдарында тарқатып айтайын.
Алдын ала төлем – 0 пайыздан басталып, сыйақы мөлшерлемесі 22,75 пайызға жетеді. Ауыл шаруашылығы техникасына ұсынылып отырған лизинг шарты осындай. 10 жылға дейінгі мерзімге беретіні тағы бар. «ҚазАгроҚаржы» таратқан хабарламада лизингтің шекті сомасы да көрсетілген: оның құны 370 млн теңгеге дейін жетеді. Жаңадан іске қосылған бағдарлама аясында отандық және шетелдік техниканы бөлу мүмкіндігі бар.
Аграрлық саладағы ахуал
Расымен 2023 жыл өсімдік шаруашылығы үшін аса жайлы болмады. Салдарынан күзгі жиын-терім көлемі 22 пайызға төмендеген. Астық өнімділігі 15 гектар центнерден 11-ге түсті. Оның ішінде бидайдың өнімділігі әр гектарынан 10 центнерге дейін кеміді. Сөйтіп өңдеуден өткен бидайдың жалпы көлемі 12 млн тоннадан асты. Ал бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға аз. Дегенмен, алдыңғы жылы егін бітік шығып, астық қоры біршама жинақталған еді. Осының есебінен қуаңшылықтың зардабы халыққа аса сезілмеді. Бірақ шаруалар расымен қиын жағдайға қалды. Былтыр Жамбылдық диқандар шығынының орнын толтыру мақсатында қазынадан 3 млрд 600 млн теңге алынған болатын.
Жалпы агроөнеркәсіп өнімділігінің экономикадағы үлесі тайға таңба басқандай көрінеді. Ауыл шаруашылығының әр жылдағы даму динамикасына үңілсек біршама тұрақсыздықты байқаймыз. 2020 жылы аграрлық сектордың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5,6 пайызды құраса, 2021 жылы онысы -2,4 пайызға күрт түскен. 2022 жылы өнімділік жоғары болып, өсім 9 пайыздан асты. Ал былтыр бұл көрсеткіш тіптен -7,7 пайызға төмендеген.
Қомақты қолдау қаржы құйылып жатқанымен, соңғы сегіз жылда ауыл шаруашылығы секторының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 10 процентке жете алмай қойды. The Tenge басылымының сарапшылары осыған қатысты талдау жасапты. Егістік алқаптарының ауқымы артқанымен, астық өнімділігі 22 пайызға қысқарды. Есесіне, көрші мемлекеттердегі көрсеткіш жоғарылаған. Бұл жағдай нарықтағы бидай бағасының төмендеуіне әсер етті. Сөйтіп отандық шаруалардың экспорттан түсетін пайдасы кеміді. Бұл өз кезегінде республикалық бюджетке түсімнің азаюына алып келді. Осы жерде ел экономикасындағы экспорты жөнінен бидай үшінші орында тұрғанын айта кеткен жөн.
Астық өнімділігі азайса да, ішкі нарықта бидай тапшылығының болмайтыны анық. Тек қолда барды дұрыс жаратып, аграрлық салаға көрсетілер қолдау тәсілін қайта қараудың уақыты келген сияқты. Экономистер де, шаруалар да, халық та осыны күтеді.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через