фото: sputnik.kz
Соңғы 2,5 жылда Қазақстанда букмекерлік кеңселер саны екі есеге азайды. Биыл республика бойынша 3 670 заңсыз онлайн-казино бұғатталған, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Егер 2021 жылдың басында елімізде 38 букмекерлік кеңсе болса, бүгінде олардың саны – 16, ал іс жүзінде жұмыс істейтіндерінің саны – 12.
"Министрлік букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесінің басқа да нысандарының заң нормаларын сақтауын мұқият қадағалайды. Мәселен, осы жылдың басынан министрлік сот тәртібімен ойын бизнесі саласындағы 7 лицензияның қолданылуын тоқтатты. Осыған ұқсас тағы 7 ұйымға қатысты жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ интернетте де мониторинг жүргізіледі. Биыл 3670 заңсыз онлайн-казино бұғатталды",- деді мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Ведомство ақпаратынша, министрлік түсіндіру арқылы және сот тәртібімен букмекерлік кеңселердің санын азайту бойынша жұмыс жүргізеді. Мысалы, соңғы үш жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған.
Ал осы жылдың басынан сот шешімімен 5 букмекерлік кеңсе жабылды, олардың жұмысы қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келмеді. Қазіргі уақытта тағы 3 букмекерлік кеңсеге қатысты лицензиялардың күшін жою жұмысы жүріп жатыр.
Қазақстандағы ойын бизнесі субъектілерінің жалпы саны да азайып жатыр. Соңғы 5 жылда олар 2,5 есе азайған. Егер 2018 жылы 97 болса, биыл олардың саны 38 бірлікті құрайды.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через