Биыл қазақстандық дарынды балалар халықаралық олимпиадалардан 27 медель жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram каналында жазды.
«Халықаралық олимпиадалардың жүлдегер оқушыларын салтанатты түрде марапаттадық. Биыл дарынды балаларымыз 27 медаль жеңіп алып, өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты. Биыл құттықтаудың өзі де балалар, олардың ата-аналары және мұғалімдер үшін ерекше қуанышты болды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында 27 жеңімпазға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табыстадық.
Бұл Президенттің дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды»,-деп жазды министр.
Сондай-ақ ол бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын жеткізді. Биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады.
«Біз еліміздегі барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізудің ашықтығына ерекше назар аударуды жалғастыра береміз. Сондай-ақ жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алады. Дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хаттар табыстадым.
Ел Президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушыларымыздың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол»,-деді Асхат Аймағамбетов.
Фото: gurk.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через