Биыл климаттың өзгеруі жаһандық өзекті 5 мәселенің қатарына кірді

Биыл климаттың өзгеруі жаһандық өзекті 5 мәселенің қатарына кірді

       Сарапшылар бұл түйткілге әлі толық назар аударылмай жатыр деп дабыл қағуда. Әлемдік жетекші талдау орталықтары және халықаралық ұйымдар жаһандық жылыну үрдісіне аса мән беру керек деп санайды.

       Климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну мәселелері Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумда да көтерілді. Бірқатар мәлімдеме жасалды. Экобелсенділер жаппай шеруге шықты.

       Давос-2023: климаттың өзгеруі қауіпті 

       Соңғы кездері климаттың өзгеруі және жаһандық жылыну мәселелерін сарапшылар жиі көтереді. АҚШ-тың климат жөніндегі елшісі Джон Керри қордаланған мәселені шешуге уақыт тапшы, әрі қыруар қаражат керек дейді. Ол форумның екінші күні панельдік пікірталас кезінде осындай мәлімдеме жасады. Әрине, бұл істе жалғыздың үны шықпас. Сондықтан  экологиялық ахуалды реттеуге әлем елдері жұдырықтай жұмылуы тиіс.

       Джон Керри, АҚШ-тың климат жөніндегі елшісі:

       - Бұл күрделі пробелеманы мен жиі көтеріп жүрмін. Әлем елдерін осы мәселеге назар аударуын сұраймын. Мәселен, форумға қатысушы 20 алпауыт елдің экономикасы әлемдік шығындардың 80%-ін құрайды. Қазір жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, зауыттардан шығатын қалдықтар – өте күрделі мәселе. АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан, Индонезия, Мексика, Бразилия мемлекеттерінде қоршаған ортаға қауіп төндіретін зиянды қалдықтар шамадан тыс шығып кетті.

       2023 жыл – әлем бойынша ең жылы болмақ

       Биыл ең жылы жыл болуы мүмкін. Климат зерттеушілері температураның көтерілуі рекордтық деңгейге жетеді дейді. Жаһандық жылыну үрдісі  адамзатқа қауіпті. Америкалық агенттік ғалымдарының айтуынша, соңғы 170 жылда мұндай жағдай болмаған. Бұған дәлел – Тынық мұхитының тереңдігіндегі температураның күрт жоғарлауы. Ол булану арқылы қоршаған ортаға айтарлықтай кері әсер етеді. Биыл көктем мен жаз мезігілінде еуропада аптап ыстық болып, құрғақшылық салдары ауыр болады дейді мамандар.  

       Экобелсенділер ереуілі тыйылар емес

       Ал Германияда бірнеше күн  қатарынан экология жақтастарының ереуілі тыйылмай  тұр.

       Бұл жағдай Лютцерат ауылыннан экобелсенділерді босату керек деген билік бұйрығы шыққан соң өрши түсті. Құжатқа сәйкес бұл өңір көмір өндіретін шахтаны кеңейту үшін пайдаланылмақ.

       Грета Тунберг, экобелсенді:

       - Менің билікке айтарым, мына жағдайды дереу тоқтату керек. Алпауыт компаниялардың мүддесі үшін өңірде түрлі экологиялық мәселелер көбейеді. Қарапайым халық зардап шегеді. Климаттық дағдарыс – бұл әлемдік дағдарыс. Қоршаған ортаны ластаушы заттар Германияда көп шығарылады.  Экобелсенділер бұған бей-жай қарап отырмайды.

       Соңғы ереуілге бас-аяғы 35 мың адам қатысқан. Ашуға ерік бергендер полицияға қарсылық көрсетіп, ағашқа шығып, түспей қойған. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, олардың бірнешеуі тұтқынға алынды.

       Жалпы климаттың өзгеруінің Давос секілді экономикалық форумда талқылануы бұл мәселенің күрделі екенін тағы айғақтап отыр. Бұл экологиялық проблема экономикалық тұрғыдан шешілу керектігін көрсетеді. Яғни, әлем басшылары күрмеуі күрделі мәселенің түйінін тарқату үшін күш біріктіріп қана қоймай, қомақты қаржы да құю керек, - дейді сарапшылар.

       Ақпарат дереккөзі