Биыл елімізде Әз-Наурыз қалай тойланады

Биыл елімізде Әз-Наурыз қалай тойланады
фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл Әз-Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, мейрамның мағынасы айшықтала түспек.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев Әз-Наурызды тойлаудың іс-шараларымен бөлісті.

Оның айтуынша, тарихта Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқан. Оны «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашқаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған.

наурыз мейрамы

Фото: news-ru.arsu.kz

«14 наурыз Көрісу күні – Амал мерекесі деп аталады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінде аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды. Халық үшін бұл — қастерлі әрі орны ерекше дәстүр. 15 наурыз «Қайырымдылық күні» етіп белгіленді. Бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнаймыз. Қоғамға қайырымдылық көрсету мәдениетін сіңіріп, жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруымыз қажет. 16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» етіп белгіленді. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шараларды өткізу жоспарлануда», – деді С. Барлыбаев.

Көрісу

Фото: Алматы әкімдігі

Ал, 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып белгіленді. Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді. 18 наурыз күні Ұлттық киімдерге арналады. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өткізу ұсынылып отыр.

отбасы күні

Фото: dknews.kz

«19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды. 20 наурыз Ұлттық спорт күні етіп белгіленді. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстар - бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту турнирлері қарапайым халықтың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік береді», – деді спикер.

21 наурыз Ынтымақ күні деп жарияланған. Оның басты мақсаты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

халықтар

Фото: Астана әкімдігі

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтеді.

теңелу

Фото: stan.kz

«Ал, Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз Тазару күні етіп жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді», – деді С.Барлыбаев.

наурыз

Фото: informburo.kz

Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мерекесін тойлауға арналған жалпы республикалық жоспар әзірлеген. Құжатта барлық форматтағы іс-шаралар қамтылған. Жалпы республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Ал, басты мереке 21 наурыз күні Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аумағында өтеді. Мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда мерекенің тұжырымдамасы бекітіліп, дайындық жүргізіліп жатыр.

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.