Көрнектi жазушы Шерхан Мұртазаның "Бiр кем дүние" атты кітабынан тұщымды ойларды тізбелеп көрдік. Бір кем дүние - мол кем дүние... Бірген оқиық!
Дуананың жирен қасқасы
Қасиетті қарт Қаратаудың қойнында Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. Қанша дәулет бітсе де бай қуанар егізге дегендей, байекем сол сәйгүлік жирен қасқалар жүзге жетсе екен деп армандапты.
Бірақ, Құдайдың құдыреті, биелері қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.
Сондай күндердің бірінде бай ауылына ел кезген бір дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты жирен қасқа! Бай жігіттерін жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан сорақылық бола ма?!
Сөйтсе, дуана – жай дуана емес, қызыр шалған әулие кісі екен, таудан арқырап аққан асау өзенді бөгеп тастап, жирен қасқасымен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетіпті. Бай дәулеттен айырылып, қайтып мал-мүлік құтаймай қойыпты.
Тоқсан тоғыз жирен қасқа хикаясы осылай аяқталған деседі.
Біреуі-ақ жетпеген.
***
Арман
Балалық шаққа
Қайта алмайсың.
Бір кем дүние.
Құдайға сыйынған құстай ұшады,
Адамға сыйынған мұрттай ұшады.
***
Нысап
Кедей – бай; бай – Құдай болсам дейді.
Нысапсыздық жаман.
Бір кем дүние.
***
Құдырет
Бидайын алып, сабанын қойған Құдай.
Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай…
Бір кем дүние.
***
Қайдан…
Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан.
Бір кем дүние.
***
Асқанға – тосқан
Толдым деген төгіледі,
Жеттім деген жығылады.
Бір кем дүние.
***
Құнықпа
Алтын өзі тотықпайды,
Адамдардың жанын тотықтырады.
Бір кем дүние.
***
Өкінішті
Атадан алтау тусаң да
бір жалғыздық.
Бір кем дүние.
***
Тым… тым…
Патшаға тым жақындама,
Тым алыстап та кетпе.
Ол да от сияқты:
Тым жақындасаң күйіп өлесің,
Тым алыстасаң үсіп өлесің.
Бір кем дүние.
***
Дәнек
Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайды.
Ондайлар көп қой.
Бір кем дүние.
***
Ойшыл қарға
Түнімен – жаңбыр.
Таңертең – қар.
Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.
Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?
Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім:
– Оу, Қареке, ертең не болады? – деп.
Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған.
Оны біз түсінбедік.
Бір кем дүние.
***
Сарыала қаз
Жазушы Оралхан Бөкей:
– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз,
Жайлаған алты ай жазға сарыла қаз.
Шолпандай таң алдында туып батқан,
Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді.
Бір кем дүние екенін білген ғой.
***
Ай мен Күн туралы
Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.
Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.
Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!
Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.
Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.
Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через