Бір әулеттің 11 адамы суға кетті

Бір әулеттің 11 адамы суға кетті
фото: otyrar.kz

Түркістан облысында Сырдария өзеніне батып кеткен 11 адамның тоғызының денесі табылды, деп хабарлайды standard.kz.

Барлығы Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылының тұрғындары. Құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әзірге 11 адамның 9-ның денесі табылды. Олардың бесеуі 16 жасқа дейінгі жасөспірім болса, қалған төртеуі - ересек.

Олар құдалық тойдан кейін Шәуілдір-Көксарай бағытындағы Сырдария өзені үстіне салынған көпір маңында, суға түсуге арналмаған жерде шомылған.  Барлығы 21 адам суға барған, олардың 13 ересек.  

Оқиға болған жерге Түркістан облысы әкімінің екі орынбасары, Отырар ауданы әкімдігі, АПБ, ТЖБ қызметкерлері, еріктілер барды.

«Жағдай облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлыпхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған жерде болып, нұсқаулықтар жүргізді. Қайғы жамылған әулеттің үйіне барып, көңіл айтты. Тиісті көмек ұйымдастырылады», - делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан хабарламада.

ҚазАқпарат жазғанындай, қазір оқиға орнында 144 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмыс істеп жатыр.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб жұмыс істеп тұр.