Біліктілікті арттыру куәлігін 600 мың теңгеге сатып алмақ болған педагог алданып қалды

Біліктілікті арттыру куәлігін 600 мың теңгеге сатып алмақ болған педагог алданып қалды
фото: sputnik.kz

Текелі қаласында педагог біліктілікті арттыру куәлігін сатып алғысы келген. Бірақ интернет арқылы танысқан жігітіне алданып қалды.

​Сот материалдарына сәйкес, былтыр қыркүйек айында мектеп мұғалімі әлеуметтік желіде бір жігітпен танысқан. Екеуі нөмір алмасып, алдымен Whats App арқылы бір айдай сөйлесіп жүрген. Одан кейін бір-біріне хабарласатын болған.

Бір күні ұялы телефонмен әңгімелесу барысында педагог жақын арада біліктілікті арттыру бойынша емтихан тапсыратынын айтып қалған. Сол кезде әлгі танысы бірден өз көмегін ұсынған. Ағасы арқылы біліктілікті артттыру куәлігін жасап беруге уәде берген. Бірақ ол үшін 600000 теңге беру керек болған. Педагог ақшасын жібере салған. Алайда ер адам бәрін өз қажеттіліктеріне жұмсап тастаған. Куәлігін алмаған мұғалім сотқа арыз түсірген.

​Прокурор сотталушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауын сұрады. Алаяқтық жолмен ақша тапқан ер адам кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Бірақ материалдық залалды өтемеді. Арыз түсірген педагог оны кешірмейтінін және оған қатаң жаза тағайындауды сұрады.

"Жәбірленуші Н.-нің мектеп мұғалімі бола тұра біліктілік санаты деңгейін алуға байланысты емтиханнан өту үшін сотталушыға 600000 (алты жүз мың) теңге ақшаны заңсыз бергені анықталды. Яғни, жәбірленушінің тарапынан аталған ақшаны бергенінің өзі қылмыс болып табылады. Жәбірленушінің әрекеті бұл қылмыстың жасалуына түрткі болған",- делінген сот үкімінде.

Алаяқтық бабы бойынша жауапқа тартылған ер адам бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қазақпарат