«Бесік жыры» анимациялық фильмі халықаралық байқауда үздік атанды

«Бесік жыры» анимациялық фильмі халықаралық байқауда үздік атанды

«Бесік жыры» қысқаметражды анимациялық фильмі Мадридте өткен беделді кинофестивальде «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алды.

«MADFA Madrid Film Awards – 2023» ХХ халықаралық байқауға 1500 анимациялық жұмыс ұсынылған. Мадрид киножүлдесі MADFA (MFA) IMDb ресми конкурсына кіреді. Фестиваль жыл сайын өз алаңында әлемнің ең үздік туындылары мен талантты режиссерлердің басын қосады.

«Қазақстандық анимациялық фильмнің беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленгені отандық анимация саласының оң бағытта дамып келе жатқанының көрсеткіші деп санауға болады. Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35% дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады. Өткен жылы елімізде алғаш рет «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Аталған ұйым отандық анимация мамандарының шеберлігін шыңдап, анимациялық жобаларды шығаруға қолдау көрсетеді»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Айта кетейік, «Бесік жыры» анимациялық фильмі Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.