Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Жанбөбек ауылының тұрғыны Байбек Бауыржан аса күрделі трюктар жасап, елді таңғалдырып жүр.
23 жастағы Байбек салмағы шамамен 20 тоннаға жуықтайтын ауыр жүк көлігін оп-оңай сүйрей алады. Бұл жетістікке жету үшін ол ұзақ жаттыққан.
Байбектің айтуынша, ол бастапқыда жеңіл көлікті сүйреуден бастаған. Кейін "Камазды" тартуға дайындалған. Ол үшін түрлі әдіс-жаттығулар жасаған.
"Залда штангамен отырып тұру, қандай әдіс керек, соған, байланысты ауыр салмақтармен әдіс жасадым. Одан кейін ауылға барып өзіміздің "Камазды" тартып көрдім, қолымнан келді. "Камазды" бірден тартып кеттім", - дейді Байбек Бауыржан.
Бұдан бөлек Байбек ұзындығы 200 миллиметр болатын темір шегені ағашқа алақанымен қағып, оны тісімен суыра алады.
Тағы бір өнері қалың шегені санаулы секундта майыстыра алады. Байбек мұндай қауіпті трюктарды тек 35 жасқа дейін жасайтынын, мақсаты - Гиннестің рекордтар кітабына ену екенін айтады.
Сондай-ақ ол мұндай қауіпті трюктарды үй жағдайында жасауға, әсіресе жас балаларға қайталауға болмайтынын атап өтті.
Дереккөз Хабар24. Фото nur.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через