Бас прокуратура жекелеген блогерлердің фейк-ақпараттарына қатысты үндеу жариялады

Бас прокуратура жекелеген блогерлердің фейк-ақпараттарына қатысты үндеу жариялады

     ҚР Бас прокуратурасы танымал тұлғалардың ұсталғаны туралы жекелеген блогерлердің ақпаратына сенбеуге шақырды.

     ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев жекелеген блогерлердің арандатушылық мәлімдемелеріне қатысты үндеу жариялады.

     "Отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті.

     Бұл ретте олар жекелеген блогерлердің арандатушылық мәлімдемелерімен және әлеуметтік желі пайдаланушыларының ұлттық алауыздықты тудыратын белгілері бар комментарийімен қоса жүреді.

     Жекелеген азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ бірқатар танымал тұлғаны ұстау және қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы жалған хабарламалар жариялануда.

     Мұндай фейк мәліметтер қоғамда жалған пікір қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етуі ықтимал.

     Шынайлыққа сәйкес келмейтін осындай мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады.

     Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру", - делінген үндеуде.

     Бас прокуратура ескертіп өткендей, ұлттық алауыздықты қоздыруға, бопсалаушылыққа, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

     "Осыған байланысты, ҚР Бас прокуратурасы ел азаматтарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілердің пайдаланушыларын заңнаманы бұлжытпай сақтауға және жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге, арандатушылыққа бой бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады", - деді прокуратурадан.

Stan.kz