фото: read-woman.ru/
Біз басымыздың жиі ауыратынын айтсақ та, одан дәрісіз қалай айығу керектігін білмейміз. Шынында басымыз неге ауырады, одан құтылуға бола ма?
Бас ауруының бес себебі
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, планета тұрғындарының 90 пайызының басы ауырады екен. Бұл неден пайда болады, бас қатты ауырса не істеу керек, қандай жағдайда дәрігерге қаралған жөн, дәрі ішеміз бе? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Дәрігерлердің тұжырымдамасына қарағанда, бас ауруына төмендегі жағдайлар себеп болады екен.
1. Шаршау мен қатты күйзелу;
2. Ауа райы құбылуының, климат өзгеруінің немесе магниттік боранның әсері;
3. Суық тию мен вирусты аурулар;
4. Тоңу және қарын ашу;
5. Көпіретін сусындар (газдалған) мен алкогольді сусындар ішу;
Дәрігерлердің соңғы зерттеулері бойынша кейбір дәрілер, тіпті күнделікті пайдаланып жүрген азық-түліктер де бастың ауыруына әкеліп соқтыратын көрінеді.
«Зиянды» ac мәзірі
Құрамында биогендік аминдері бар, яғни сірке суы, кетчуп, майонез бен қыша (горчица), майлы және ысталған тағамдарды, онымен қоса газды сусындарды жиі пайдалану бас ауруын тудыруға себеп болады. Мәселен, шұжық түрлеріне нитраттарды қосқанда, ол дәмдірек және тәбетті ашатындай өң беріп тұрады екен. Ал нитрат қосындысы бас ауруын қоздыратын зиянды заттардың бірі. Сондықтан сүрленген шошқа еті (ветчина, бекон), хот-дог және чизбургерлерге көп әуес болмағаныңыз жөн.
Кейде басымыз қатты ауырып тұрғанда «тез жазылсын» деп дәрінің 1 -2 түйірін бірден ішіп аламыз. Келе-келе оған үйреніп, соңында дәрі қабылдамасақ басымыз мүлдем жазылмайтын халге жетеді. Демек, шама келсе, дәріге көп әуестенбеңіз.
Басыңыздың қай бөлігі ауырады?
Басыңыз ауырғанда дәл қай тұсы ауырады, соған көңіл бөлдіңіз бе? Желке ме, әлде маңдайыңыз ба? Мүмкін самайыңыз шығар? Қай жеріңіздің ауырып тұрғанын анық білсеңіз, одан тез арада құтылудың жолын да нақты таба аласыз.
Бастың толықтай ауыруы
Мұндайда бастың қай бөлігі ауырып тұрғаны белгісіз. Аталған жағдайлар көбінесе күні бойы компьютер алдында отырғанда, ұзақ уақыт жұмыс істегенде және қандай да бір жүйкеге тиетін оқиғалар мен қатты ашуланғанда пайда болады. Сондай-ақ иық және мойын бұлшық еттеріне күш түскенде бас қатты ауырады.
Бұндай кезде алдымен шашты 6-8 айрыққа бөліп, екі қолдың саусақтарының ұшын шаштың түбіне дейін апарып, маңдай тұстан желкеге дейін 3-4 peт сипау керек. Одан кейін сағат тілі бойымен айналдыра уқалайды. Бірақ қатты баспай, бөліп алған әрбір айрықтың құйқасына 10 минуттай жайлап массаж жасайсыз. Шашты бірнеше түпке бөліп, бір түбін алып, кері қарай тартыңыз, біраздан кейін шаштың түбі жеңілдейді. Осылайша шаштың барлық бөлігіне жасаңыз. Сосын саусақ ұшымен бірнеше минут бастың шашы бар жерлерін төбеден самайға және желкеге дейін жайлап ұрғылап шығу керек. Ең соңында саусақ ұшымен маңдайдан желкеге қарай 10 рет сипаған дұрыс.
Мұндайда теңіз тұзы немесе қылқан жапырақ сығындысынан дайындалған ванна қабылдап, шашыңызды жуып, шайқурай (зверобой) немесе киікшөптің (душица) қайнатылған суымен (1 литр суға 5 ас қасықтан) басыңызды шайсаңыз, тіпті жақсы. Одан кейін басыңызды түкті орамалмен орап, 2-3 сағат бойы жүріңіз. Басыңыздың ауырғаны бірден басылып, өзіңізді сергек сезінесіз.
Самай мен маңдай ауырса…
Бастың бұл бөліктері ауыра бастағанда адамның жүрегі айнып, қолы тоңып, дірілдеп, көру қабілеті төмендей бастайды. Бұл көбінесе ауыр көтергенде, дәрі ішкеннен кейін және ауа райы өзгерген кезде пайда болады. Аталған белгі байқалса, «бас сақинасы» ауруынан қауіптеніңіз. Бұл ми тамырларының тарылуы мен кеңеюі салдарынан туындайды.
Бұндай кезде ауырған самайдың екі жағына екі сұқ саусақты (саусақтың ұшын валериана немесе жалбыз тұнбасына малып отыру керек) апарып, төбеден самайға дейін сағат тілі бойымен 2-3 минут уқалап, кейін оған керісінше бағытпен жүру керек.
Ал егер маңдайыңыз ауырса, қасыңызды жайлап 1-2 минуттай уқалаңыз. Одан кейін екі алақаныңызды маңдайға қойып (саусақтардың ұшы маңдайдың ортасында түйісу керек), баппен екі самайға қарай массаж жасаңыз. Біраздан кейін жылылықтың пайда болғанын сезесіз. Бұған қоса ыстық компресс қоюға болады. Ол үшін бір уыс түймедақ гүліне 1/3 стақан қайнаған су құйып, 15 минут жай отта қайнағанға дейін қайтадан ысыту керек. Сосын сүзіп алып, ыстық тұнбаны зығырдан жасалған орамал немесе бірнеше қабатталған дәкеге сіңіріп, маңдайға басса, ауырғанды тез басады.
«Бас сақинасынан» адамдар ыстық және суық компресс қою арқылы айыға алады. Екі кішілеу орамал мен ыстық су құйылған шылапшын дайындап алыңыз. Ал суық суды ағып тұрған кран шүмегінен алған жөн. Алдымен орамалды ыстық суға малып, оны сыққаннан кейін ауырып тұрған жерге 30 секундтай басып тұру керек. Суық су сіңірілген орамалды да 30 секунд ұстаған жөн. Осылайша 2-3 рет жасайды. Одан кейінгі процедураларда компресті 5-6 рет қайталап, уақытты жайлап 1,5 минутқа дейін ұзартса, 2 аптадан кейін «бас сақинасынан» құлан таза айығып кетуге болады.
Желкеңіз ауыра ма?
Кейде таңертең ұйқыдан тұрғанда көзіңіздің алды ісіп, желкеңіз кері тартып ауырып тұрғанын сезесіз. Бұл көбінесе күні бойы ауыр жұмыс істегеннен кейін ертеңіне байқалады. Яғни, бұл ми тамырларының тарылып, қан қысымының артқанын білдіреді. Бұндай кезде арқаңыз орнықты болатындай етіп орындыққа отырып, басыңызды кейінге жіберіңіз. Иығыңызды түсіріп, саусақ ұшымен мойынның жоғарғы екі жағынан төменгі жақ сүйектің бұғанасына дейін 1-2 минуттай жайлап уқалаңыз. Оң қолдың бас бармағы мен ортаңғы саусағының ұшын омыртқа мен желкенің қосылған жеріне апарып, ал сол қолдың алақанын маңдайға қойып, бастапқыда қатты батыра уқалап, соңына қарай уқалауды баяулатады. Мұны 3 минуттай жасайды. Одан соң оң қолдың саусақтарымен желкедегі шаштың түбіне массаж жасап, тағы біраз уақыт жоғары-төмен уқалаңыз. Ең соңында екі қолдың саусақтарымен желкеден иыққа дейін 3-4 рет сипап, массажды аяқтаңыз.
Одан кейін ауырған жерді басатын шай дайындаңыз. Оны дайындау үшін бақбақ (одуванчик) тамырын аздап ұнтақтап, оған аз мөлшерде мелисса мен қалақайды (крапива) қосып, бәрін араластырып, бір шай қасығына қайнаған бір стақан су құйып, термоста 2-3 сағаттай ұстайды. Осы дайын болған тұнбаны таңертең және күндіз бір стақаннан, ал кешке 2 стақаннан 3-4 апта бойы ішу керек.
Дәрігерге қашан бару керек?
Ешқандай себепсіз аяқ астынан басыңыз ауырып, дәрі ішсеңіз де басылмаса, онда сіз терапевт немесе невропатолог дәрігердің қабылдауына жазылыңыз. Егер бойыңызды әлсіздік билеп, басыңыз айналып, қимыл-қозғалысыңыз, есту және көру қабілетіңіз нашарласа, онымен қоса қызуыңыз көтеріліп, лоқсып, дем алуыңыз қиындап кетсе, бірден «Жедел жәрдемді» шақыртыңыз.
Күміс қасықтың пайдасы
Күмістің пайдалылығы ежелден белгілі. Әлемге әйгілі патша Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жорыққа шыққанда күміс құтымен бұзылмайтын, керемет шипалы су алып жүреді деген аңыз бар. Ал судың ерекше қасиетке ие болып бұзылмай сақталуы күміс ыдысқа байланысты екен. Күмістің емдік қасиеті мол. Ол тістің қызыл иегін зақымданудан сақтайды, түрлі бактерияларды жойып, асқазан-ішек жолдарын тазартады. Сондықтан адамдар күміс қасықтарды пайдаланады. Қасық жұмсақ қақталған ақ күмістен жасалса, тіпті жақсы. Мұндай күмістің иондары суға бөлініп, ерітінді түрінде ағзаға сіңеді. Қолданыла келе күміс қасықтың жиегі мүжіле бастайды. Бұл ағзаның күміс иондарын қаншалықты пайдаланғанын көрсетеді екен.
Күміс қасық, әсіресе, жас балаларға пайдалы. Балаға балды, тосапты және т.б. тағамдарды күміс қасықпен қою күйінде берсеңіз, бала ағзасы күмісті жеткілікті түрде қабылдайды. Өйткені бала қасықты ауызында көбірек ұстаған кезде күміс иондары оның ағзасына көбірек тарала бастайды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через