Банкрот деп танылған азаматтарға қандай шектеулер енгізіледі

Банкрот деп танылған азаматтарға қандай шектеулер енгізіледі

       Банкрот деп танылған Қазақстан азаматтары шетелге шыға алмайды. Бұл туралы ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев айтты. 

      "Банкрот болып танылған тұлғалардың берешектері шегерілгенімен оларға қатысты бірқатар шектеулер де болатындығын атап өткім келеді. Яғни банкрот деп танылғаннан кейін оның салдарына да назар аудару қажет. Заң жобасында банктрот деп танылған азаматтарға 5 жыл бойы қарыздар, несиелер алуға тыйым көзделген. Сонымен қатар азамат 3 жыл бойы емделуді, жақын туыстарын емделуге ертіп жүруді немесе жерлеуге баруды қоспағанда, елден тыс жерлерге шыға алмайды", – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

       Оның атап өтуінше, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады.

       "Сондықтан азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары және ары қарай қандай көздер есебінен өмір сүре алатыны туралы ойлану қажет. Жалпы, банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға борыштық жүктемесінен құтылуға және белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді", – деді Марат Сұлтанғазиев.

       Бұған дейін ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Қазақстанда азаматтардың банкроттылығы рәсімінің 3 түрі енгізілетінін айтқан болатын.

       Stan.kz