Биыл Балқашта қала жағалауы абаттандырыла бастайды. Жағалау аумағында жаңа аллеялар, балалар, ойын және спорт алаңдары, велосипед жолы, тротуарлар салынады. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді деп жоспарланған.
Негізгі аллеяның ені - 6-7 метр, тротуарлардың ені 2-4 метр болады. Жаңа алаңдарда сұр және қызғылт сары түсті бетон плиткалары пайдаланылады.
Абаттандыру жұмысы сәуір айында басталады және ол екі кезеңде өтеді.
«Абаттандырылған жағалау – инвесторларды, туристер мен демалушыларды тарту, туризмді дамыту үшін маңызды. Жағалауды абаттандыру шеңберінде көк, ақшыл көк, ақшыл сары және жасыл түсті резеңке-каучук жабыны бар балалар ойын және спорт алаңдарын жабдықтау жоспарлануда. Балалар ойын кешендері әр түрлі жас топтарына арналған. Боялған асфальтбетон жабыны мен велосипед тұрағы бар ені үш метр заманауи велосипед жолы пайда болады», – деді Балқаш қаласының ТКШ бөлімі.
Сондай-ақ, жағалауда шағын архитектуралық формалар, көлеңкелі галереялар, самалжайлар, перголалар, саябақтағы ағаш орындықтар, бетон негізіндегі орындықтар, урналар, мүсіндер, ағаш әткеншектер, спорттық жабдықтар мен көше тренажерлері, субұрқақтар орнатылады.
«Қалалық жағажайдың жағалау аймағын абаттандырудың негізгі қағидасы қалалық ортаның экологиялық аймағын қорғау және сақтау және Балқашта туризмді дамыту болып табылады, онсыз жобалау және құрылыс жұмыстары жүзеге асырылмауы тиіс», – деп атап өтті ТКШ бөлімі.
Бірінші аймақты қайта құрумен «Балқаш жібек жолы» компаниясы айналысатыны белгілі болды.
Жағалаудың осы учаскесін жөндеуге республикалық бюджеттен 1 миллиард 976 миллион теңге бөлінеді.
Оның ішінде 1 миллиард 504 миллион теңге құрылыс-монтаждау жұмыстарына, 350 миллионнан астамы жабдыққа жұмсалады.
Жұмыс сәуір айында басталып, 9 айға созылады.
Техникалық қадағалауды «Қызмет-Инжиниринг» ЖШС (Қарағанды қаласы), авторлық қадағалауды – «ENVICON-A» ЖШС (Энвикон-А) (Алматы қаласы) жүзеге асырады.
Әкімдіктің мәліметінше, жағалаудың екінші бөлігін жөндеуге шамамен 2 миллиард теңге жұмсалмақ.
Бұл аумақ үлкенірек және 9 гектарды құрайды. Жағалаудың бұл бөлігінде қандай жұмыстар ойластырылғаны әзірге белгісіз.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через