Балконда кәуап пісірген ақтаулықтар екі бірдей айыппұл арқалады

Балконда кәуап пісірген ақтаулықтар екі бірдей айыппұл арқалады
фото: sputnik.kz

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының 32-ші шағын ауданындағы жаңа салынған тұрғын үйлердің бірінің балконында ер адамдар кәуап пісірген.

Балконда пісірілген тәтті кәуаптың арты екі бірдей айыппұлды арқалауға әкеп соқты. Ақтаулық екі азаматтың үстінен әкімшілік іс қозғалды. Олар "қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қала мен елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау" бабымен әкімшілік жауапқа тартылды.

Ал келесі айып - техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау.

"Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 410-бабы бойынша хаттама жасалды. Бұл бапты бұзған жеке тұлғаларға бес АЕК мөлшерінде жаза қолданылады", - деді Ақтау ТЖ басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мақсат Шапхатов.

Екі бірдей бап бойынша 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалады.

Еске сала кетейік, балконда тұрып кәуап пісірген екі ар адамның видеосы әлейметтік желіде тараған болатын.

Қазақпарат