Біз қалай өмір сүреміз?

Балаңызбен түсінісе алмай жүрсіз бе?

  Балаңызбен түсінісе алмай жүрсіз бе?

       Мектептен келген баламен қалай сөйлесу керек? 

        Оның ойын білу үшін не істеу керек?

       Баланы тәрбиелеу ата-ананың қасиетті борышы екені даусыз. Тәрбиені еңбексіз беру мүмкін емес. Күнделікті белгілі бір уақыт арнап, балаға көңіл бөліп, дос бола білу, оның ойын тыңдау өте дұрыс шешім болар еді. Алайда, қазіргі таңда көптеген мұғалімдер: «Ата-ананың балаға бөлетін уақыты жоқ, бәрі де жұмысбасты» дейтінін жиі естиміз. Әке-шеше де баласының ақылды, пайым-парасаты түзу болғанын қалайды.

       Жүсіпбек Аймауытов атамыз «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: Баланы жан-жақты білу керек» деген екен.

       Төмендегі психологтар ұсынған кеңестер арқылы сіз балаңызды жақынырақ танып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыра аласыз. Өміріңіздің өзегі, бақытыңыз бен байлығыңыз - балаларыңыздың қайырлы болуы, ойын ашық айтуы, істеген ісіне жауапкершілікпен қарап, басын тік көтеріп жүруі тек өзіңізге байланысты.

       Балаңыздың ойын біліңіз

       Қандай жағдай болмасын алдымен баланың ойын білу, оны қадағалауды емес, керісінше өміріне қызығатыныңызды білдіреді. Балаға бұл жағымды әсер сыйлауы керек. Оған сұрақ қойғанда, жауабын тыңдау, қалай жауап беретініне мән беру маңызды. Осылайша баламен қарым-қатынас жасау әлдеқайда жағымдырақ. Себебі, сырттағы адамның айтуымен немесе мұғалімнің пікірін жеткізу арқылы балаға сұрақ қою, ұрыса жөнелу дұрыс емес. Екі жақтың да пікірін білгеннен кейін айтар ақылыңызды ойланып айтыңыз. Себебі, мұндай жағдайда бала өтірік айтып ақталуы мүмкін.

       Ұйқыға жатарда сөйлесіңіз

       Осы уақытта бала ойын ашық айтуға, өзін не мазалап жүргенін жеткізуге бейім болады. Ал, сабақтан келген бойда баланы сұрақтың астына алатын болсаңыз, онсыз да шаршап келген баланы одан әрі қалжыратып, ығырын шығарасыз. Мұндай кезде олардың ашыла қоюы екіталай. Балаңызды сұрақтың астына аламын деп, «тергеуші» боп кетуден сақтаныңыз. Кішкентайыңыздың бойы үй жағдайына үйреніп, өз-өзіне келгенін, шаршауы басылғанын күту керек. Яғни, баламен сөйлесуге ең қолайлы уақыт – төсекке жатар алдындағы мезгіл.    

       Оның жауабына ғана емес, іс-әрекетіне де мән беріңіз

       Сөзбен алдағанмен, оның іс-әрекеті шындықтың басқада екенін аңғартады. Сондықтан да балаға сұрақ қойған кезде оның іс-қимылына аса мән беріңіз. Мысалы, сіз бір сұрақ қойдыңыз делік. Балаңыз«Бәрі дұрыс» деп жауап берді. Бірақ жүзіне қарасаңыз, көңіл-күйі солыңқы, көзі күлімдеп тұрмауы мүмкін. Болмаса жауап берерде кібіртіктеп, басын төмен салбыратып, кері бұрылып кетсе жағдайдың мәз еместігін білдіреді.

       Кейде айтар ойды бірнеше рет қайталауға тура келеді

       Балаңызға бір маңызды нәрсе айттыңыз, бірақ ол біраз уақыт өткеннен кейін ондай сөз айтқаныңызды ұмытып кеткенін немесе «олай айтпадыңыз» деуі ғажап емес. Көп балалар осылай жауап береді. Бұл балалардың қорғаныш реакциясы. Маңызды нәрсені айтарда өзіңізді сабырлы ұстап, айқайламай жеткізуге тырысыңыз. Сонымен қатар, бір айтқан сөзіңізді бірнеше рет қайталасаңыз да артықтық етпейді. Сонда бала «естімедім», «қашан айттыңыз?» деген жауап айтпайтын болады.

      Әңгімелесуді дәстүрге айналдырыңыз

      Әр отбасының меркеге, туған күнге байланысты өзіндік дәстүрлері болады. Сол секілді балаларыңызбен әңгімелесуді де дәстүрге айналдырыңыз. Ол үшін белгілі бір сағатты белгілеп, осы күні «тәрбие сағаты» болады деудің қажеті жоқ. Жұмыстан келгеннен кейін балаңызға күніңіздің қалай өткенін, болған қызықты жағдайларды айтып беріңіз. Осыны әдетке айналдырсаңыз, ол да сабақтан келген бойда өзінің басынан өткендерін баяндай жөнелетін болады. Сондай-ақ, өткен күндеріңіз жайлы кешкі ас уақытында отбасы мүшелерімен бірге әңгіме-дүкен құруды да дәстүрге айналдырған дұрыс.

       Балаңыздың «жоқ» дегеніне құрметпен қараңыз

       Ата-ана үшін қарым-қатынаста шектен шықпау ең қиын нәрсе. Кейде баланы әңгімеге тартқанда ол айтатын кейіп танытпайды. Осчындай сәтте оның қыстаудың орнына мыналарды жасап көріңіз: - Әңгімелесуді кейінге қалдырыңыз немесе «Сенің бүгін сөйлескің келмей тұрған сияқты. Кейін айтып берерсің» деген де жеткілікті. - «Мен сені дұрыс түсінбей қалады деп ойлайсың ғой. Бірақ, мен үнемі сені қолдаймын» деп жай сөздермен айтсаңыз, балаңыз ашылуы ғажап емес.

       Балаңызды басқалардың алдында сөкпеңіз

       Бұл сіз ойлағаннан да жаман әсер қалдыруы мүмкін. Тіпті, жанына психологиялық жара салуы да мүмкін. Сыныпта жасаған қателігі болса, оны мұғалімнен ести сала балаға айтуға асықпаңыз. Ұлыңыз немесе қызыңыз мектептен келгеннен кейін естігеніңізді сабырмен айтып, өз ойын сұраңыз. Сонда ғана ол сізге бар шындықты айтатын болады.

       Балаңызбен бірге қиялдаңыз

       Балаңыздың достары жайлы, кімге жақын екенін білгіңіз келсе, оған: «Алыс сапарға шығатын мүмкіндік туса, қасыңа қай досыңды ертер едің?», «Неге дәл сол досыңмен ол жаққа барғың келеді?» немесе «Сенің қай мұғалімге ұқсағың келеді?», «Оның қандай қасиеттері ұнайды» деп сұрақ қойып көріңіз.

       «Сұрақ-жауап» ойынын ойнаңыз

        Ол үшін сізге балапаныңызбен бірге сұрақтар ойлап тауып, сол сұрақтарға жауап беруге тура келеді. Алдымен сұрақтарға ұл-қыздарыңыз жауап берсін. Мысалы, ең жақсы көретін түсің, мезгілің, сабағың, әнің, тамағың және тағы басқа. Бұл сұрақтарды қою арқылы сіз балаңызды бұрынғыдан да жақсы түсініп, нені жақсы көретінін білетін боласыз. Мұның барлығы сізді балаңызға жақындата түседі. Кішігірім кеңестерді қойын дәптеріңізге түртіп алып, өз қажетіңізге жаратып көріңіз. Нәтижесін көп уақыт өтпей-ақ байқайсыз.

       Ernur.kz

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!
Facebook Youtube Instagram Вконтакте Форум качества

Достарыңызбен бөлісіңіз

Пікір қалдыру