Кәмелет жасына толмаған балаларға берілетін төлқұжат үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендету ұсынылады. Бұл туралы Мәжілістің қарауына берілген «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң жобасында көрсетілген.
«2020 жылдан бастап ата-анасымен бірге шетелге шыққан жағдайларда 16 жасқа дейінгі балалар туралы паспортқа жазу талабы алынып тасталды. Осыған байланысты балаларға шетелге шыққанда жеке паспорт ресімдеу талабы енгізілді. Бұл ата-ананың қалтасына салмақ түсіреді. Осыған байланысты кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорт үшін мемлекеттік бажды 8 АЕК-тен (27 600 теңгеден) 4 АЕК-ке (13 800 теңгеге) дейін төмендету ұсынылады. Бұған қоса, шет мемлекеттерге жиі баратын азаматтардың белсенді санатына ыңғайлы болу үшін көптеген парағы бар (48 бет) паспортты енгізу ұсынылады», - делінген құжатта.
Заң жобасына енгізілетін өзгерістер бекітілсе, Қазақстан паспорты үшін алынатын мемлекеттік баж мөлшері мынадай болмақ:
16 жасқа дейінгі балаларға берілетін 22 беттен тұратын паспорт – 4 АЕК (13 800 теңге);
36 беттен тұратын паспорт – 8 АЕК (27 600 теңге);
48 беттен тұратын паспорт – 12 АЕК (41 400 теңге);
Фото: luxfm.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через