фото: https://sputnik.kz
Балалар Ұлттық қордан өз үлесін алады
Бала кәмелетке толғаннан кейін арнайы шотта жиналған ақша баспана сатып алуға және білім алуға беріледі
Он сегіз жасқа дейінгі балалардың арнайы шотына Ұлттық қордан ақша аударылады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жолдауында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы қажет екенін атап өтті.
"Сол себепті өзім жариялаған Балалар жылы аясында "Ұлттық қор – балаларға" атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ін балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Бала кәмелетке толғаннан кейін арнайы шотта жиналған ақша баспана сатып алуға және білім алуға беріледі.
"Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді", - деп санайды мемлекет басшысы.
Тоқаев Ұлттық қор шынымен ұлттық деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететінін атап өтті.
"Бұл ауқымды бастаманың жіті пысықтау қажет екенін ескеріп, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын", - деді президент.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через