фото: massaget.kz
Кейде балалар санасыз түрде зиянды әдеттер жасайды. Мысалы, тырнағын тістеп жейді немесе жыныстық мүшесін ұстайды. Massaget.kz тілшісі психолог Айдана Арманқызымен сұхабаттасып, баланы бұл әдеттерге не итермелейтінін және олардан қалай арылуға болатынын сұрады.
Психолог-консультант Мельдеханова Айдана Арманқызы (aidana_psyholog)
Маманның айтуынша, мұндай әдеттер - невроздың алғашқы белгілері.
"Энурез (түнде төсекке жіберіп қою), энкопрез (үлкен дәретті немесе газды ұстай алмау), әртүрлі дыбыстар шығару, қайта-қайта жөтеле беру, тамақты қырылдату, саусақ сықырлату, қолын қайта-қайта сүрте беру, қолын жуа беру - мұның барлығы мазасыз қозғалыс (навязчивое движение) деп аталады. Жыныстық мүшесін ұстау да осыған жатады. Бұл санадан тыс әрекет болып есептелінеді. Бұлардың барлығы - невроздың алғашқы белгілері. Жалпы невроз деген бір күнде пайда болмайды", - деді Айдана Арманқызы.
Психолог түсінікті болу үшін мысал келтірді.
"Мысалы, бала ыдыс сияқты: ыдысқа су толса, су аға бастайды. Яғни, бала бойында агрессия, ашу толып қалса немесе тыйымдар көп болып кетсе, бала оларды басқа қырынан шығара бастайды. Мысалы, ол тырнағын жеуі мүмкін, мастурбация жасауы мүмкін немесе түнде төсекке жіберіп қоюы мүмкін", - деді ол.
Балада невроздың пайда болуына не әсер етеді?
Маман оның себебін әр баламен және оның отбасымен жеке жұмыс істеу арқылы анықтайтынын айтты. Алайда психолог Айдана Арманқызының айтуынша, невроздың пайда болуына жиі мына факторлар себеп болады:
Бала қажеттіліктерінің өтелмеуі;
Балаға эмоция шығаруға тыйым салу. Мысалы, ата-аналар көбіне ұл балаларға "ұлдар жыламайды" деп жылауға тыйым салады;
Бала жыныс мүшесін бір рет ұстап көргенде оған оның ұнап қалуы;
Бала жүйке жүйесінің әлсіздігі;
Балада бос уақыттың болмауы.Мысалы, сабақ, үйірмелерге барып жүрген балада ешқандай бос уақыт жоқ және оған түсетін жүктеме артып кетті;
Отбасылық факторлар. Балаға жалпы отбасындағы атмосфера, ата-анасының қарым-қатынасы, отбасыдағы ішкі жағдай әсер етеді. Сондай-ақ бір үйде екі отбасы тұрып жатқан кезде, ағайындылардың баласы тұрып жатқан кезде де ол балаға жағымсыз әсер етуі мүмкін;
Баланың мінезі табиғатынан тұйық;
Бала өте белсенді;
Үйдің үлкені немесе жалғыз бала;
Ата-ананың бала темпераментін өзгерткісі келуі. Мысалы, баланың темпераменті табиғатынан жайбасар, бірақ оны ата-анасы "тез жаса, тез жүр, неге үнемі кешіге бересің" деп жылдамдатқысы келеді. Ал бала шапшаң болса, "жүгірме, жай қозғал" деп баяулатқысы келеді. Сол секілді сөйлей беретін балаға, кей ата-ана "аузыңды жап, сөйлей берме" деп ұрсады.
Ата-ана балаға тым қатал;
Баланың жыныс мүшесіне ыңғайсыз киімдер кигізу. Мысалы, баланың ішкиімі өте тар;
Баланы қинап тамақтандыру;
Баланың ернінен немесе құйрығынан сүю;
Отбасы мүшелерінің импульсивті болуы. Яғни ата-ана ашуын баладан алады және балаға көп айқайлайды;
Баланы бұл әдеттен қалай арылтуға болады?
Маман бұл жағдайда тек баламен емес, бүкіл отбасымен бірге жұмыс жасау қажет болатынын ескертті.
"Уақыт өте өздігінен қойып кетуі мүмкін, бірақ балаға көмектесу керек. Себебі бұл әдет өмір бойына қалып қояды. Одан кейін бұл тұқым қуалайды. Бұл жерде балаға психологтың көмегі қажет болады. Психолог отбасымен байланыс орната отырып, жан-жақсы жұмыс жасап көмектеседі. Бала психологқа келіп жүргенімен, маманның жасаған жаттығулары, өткен терапиялары психолог кабинетінде әсер етеді де, ол үйге барған кезде қайтадан үйреншікті ортаға түседі: сол ритуал, сол тәртіп, үйдегі сол айқай. Сондықтан бала қайтадан сол күйге енеді. Нәтижесінде, психологтың жасап жатқан жұмысы бекер болады. Сол үшін психологпен отбасы бірлесіп отырып жұмыс жасау керек", - деді ол.
Психолог Айдана Арманқызы баладағы зиянды әдеттерден арылуға көмектесетін жалпы кеңестер ұсынды:
Күн тәртібін сақтау
Балаңыздан осындай әрекеттерді байқасаңыздар, бірінші кезекте үйде режим қалыптастырған дұрыс. Баланың оянатын, тамақ ішетін, ұйықтайтын, серуендейтін, ойнайтын уақыты - барлығы бір режимде болуы керек.
Күнделікті ритуал қалыптастыру
Мысалы, ұйықтар алдында бірінші теледидарды өшіру, ойыншық жинау, тіс жуу, пижама кию, ертегі оқу, содан соң ұйықтау.
Баланы ерте ұйықтату
Бала ерте жату керек. Сағат 9-да бала төсекте болуы керек. Бұл баланың бойындағы мазасыздық күйді басады.
Гаджетті азайту
Детокс жасап тұру керек. Мысалы, аптасына бір рет мүлдем гаджет ұстамау.
Физикалық белсенділікті арттыру
Мұндай жағдайда көбіне балаға бассейн жақсы көмектеседі. Суда баланың денесі босаңсиды, ұйықтар алдында магний тұзы қосылған суға 15-20 минут түсіруге болады.
Антистресс ойыншық алып беру
Егер балаңыз тырнақ тістейтін немесе саусақ соратын болса, оның антистресс ойыншықтары оңай жерде тұруы керек.
Балаға ұрыспау, оны алаңдату
Баланың сондай әрекетін көргенде "тарт қолыңды" деп ұрыспай, көңілін аулаңыз.
Баланы қатты ысқылап жуындырмау
Кей ата-ана баласының денесін ауыртып, әсіресе, жыныс мүшесіне зейін қойып, қатты жуындырады. Олай істеуге болмайды.
Анамен байланысты қалпына келтіретін жаттығулар жасау
Мысалы, "жұмыртқа жаттығуы": баламен анасы құшақтасып отырып әндету және тербелу. Сондай-ақ бірге бір-бірінің жүрек соғысын тыңдауға болады. Сонымен қатар балаға бірге түскен суреттеріңізді көрсетсеңіз, ол да оған жақсы әсер етеді. Балаға оның кішкентай кезін көрсетіп тұрыңыз. Жалпы баланың отбасыға керек екенін, оның отбасы үшін маңызды екенін айтып, оның құндылығын арттырыңыз.
Баламен сапалы уақыт өткізу. Бір қолыңызда ұялы телефон, қасыңызда баланың ойнап отыруы баламен сапалы уақыт өткізуге жатпайды.
Баланы сүндетке отырғызса, ол жыныс мүшесін ұстауын қоя ма?
Кейде кішкентай ұл балалар жыныс мүшесін ұстай берсе, үлкендер сүндетке отырғызса, бұл әдетін қояды деп айтып жатады. Бұл рас па?
"Ата-ана алдымен баладан "неге қасып жатырсың, қыши ма" деп сұрау керек. Себебі 3-4 жасқа жақындаған кезде балада фимоз деген басталады. Яғни, ұшына тұз жиналады. Бұл кезде баланың жыныс мүшесі қышиды немесе ашиды. Сондықтан сүндетке отырғызса, бала қойып кетуі мүмкін.
Медициналық себептерді де елемей қоюға болмайды. Баланы ішек құрттары, лямблиоз секілді ауруларға тексерту керек. Ал мастурбация басқа нәрсе", - дейді психолог.
Фото: ru.freepik.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через