Ғарыш айлағы арқылы әлемге танылған Байқоңырды солтүстіктегі көршіміз жалға алғанын бәрі біледі. Дегенмен қаланың жайы қазір оңып тұрған жоқ, назарға ілігетін әлеуметтік мәселесі жетерлік. Әсіресе, білім беруде проблема көп. Қалада ресейлік стандартпен оқытатын мектептердің басым екенін меңзеп отырмыз. Елемеуге болар еді, бірақ өзге үйреткен білімнің өзімізге таяқ болып тиер тұстары шығып отырғандай.
Әуелдегі қадам – бүгінгі аран
Өткен айда солтүстіктегі көршімізге жалға берген Байқоңыр қаласында Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын қолдау мақсатында акция өтті. Митингіге оқушылар да шыққан. Ал оқушылардың ата-аналары бұл акциядан мүлде хабарсыз болған. Бұған қоса, жасөспірімдер акция кезінде қолдарына Ресейдің туын ұстап шығыпты. Онымен қоймай, шерушілер алаңда тізбектеліп тұрып, үлкен қоршау жасаған. Ал қоршаудың ортасына көліктермен Z әрпін бейнелегендері байқалады.
Бұл белгі Украина жеріне кірген Ресей әскерін қолдау екені айтпаса да түсінікті. Әкімдік акцияға оқушыларды неге тартқаны беймәлім, бірақ акцияға наразылар көп. Рас, ол жерде қазақстандықтар да болған, ал Конституциясың 20-бабы, 3-тармағында соғысты насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейтіні анық көрсетілген. Тәртіпті бұзғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Енді ұйымдастырушылар неге жазасыз қалды? Кейін акцияны Байқоңыр қаласының әкімдігі мен Роскосмос ұйымдастырғаны белгілі болды. Ең қызығы, акцияға 10-11-сынып оқушылары қатысқан екен. Ата-аналардың айтуынша, оқушыларды орталық алаңда іс-шара болады деп алдап шақырған. Олар митинг ұйымдастырып жатқанын білмеген. Осылай оқушылар саяси акцияның «төрінен» бір-ақ шығыпты.
Байқоңыр әкімдігі еш қысылмастан акцияны ақтап алды. «9 наурызда қаланың қоғамдық ұйымдары Байқоңыр қаласында «Біз біргеміз» ұранымен Ресейді қолдау шарасын өткізді. Еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қатысушыларынан басқа флешмобқа Байқоңыр қаласының барлық тұрғыны қатыса алды. Өйткені дайындалып жатқан іс-шара туралы ақпарат әлеуметтік желі мен жабық чаттар арқылы таратылды» деген әкімдік.
Осыдан кейін біздегі құзырлылар оқиғаны ұмыттырғысы, әлде жуып-шайғысы келді ме, әйтеуір Байқоңырдағы ресейлік стандартпен оқытатын мектептерге «Қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы» пәндерін енгізуді ұсынды. Әзірге ұсыныс, іске аса қоюы неғайбыл. Неге? Өйткені еліміз Байқоңырдағы 5 мектепті 20 жылдан астам уақыт жүріп, әрең алды. Талай әкім ескерту айтып, шенділер күшін салғанда қаладағы білім саласын толықтай өз еншімізге қайтара алмаған. Мысалы, 2014 жылы Қызылорда облысының әкімі болып тұрған шағында Қырымбек Көшербаев Байқоңыр мектептерін қазақстандық стандартқа көшіруге талпынып көрді. Талпынғанда да, Көшербаев өзге құзырлы органдардың өкілі ұқсамай, бар шындықты жайып салған. «Байқоңырда ресейлік білім беру стандартымен оқытатын 6 қазақ мектебі (сол кезде) бар. Қазақ мектебіндегі қазақ балалар «біздің президентіміз – Путин» дейді. Ол қандай азамат болады, қандай патриот болады?» деп біраз ашынған экс-шенеунік. Әйткенмен, мәселенің түйінін тарқату оның да тұсында қолдан келмеді. Тек былтыр желтоқсанда «Байқоңыр қаласындағы Ресей мектептерінің сабақ жоспарына Қазақстан тарихы және Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері енгізілді» деген ақпар тарады. Қазақстан–Ресей жетінші үкіметаралық комиссия отырысында келісім жасалды. Міне, осы кезеңде ғана Байқоңырдағы 12 мектептің 5-уін Қазақстан еншісіне алдық. Қалған жетеуі әлі де ресейлік стандартпен оқытады. «Шүкір» деуге болар еді, бірақ ондағы мектептерді, тұтастай айтқанда, қаланың білім беру саласын өзімізге қайтармасақ, мәселенің ушыға беріп, түбі сол жердегі азаматтарымызды болмысынан айырар түріміз бар. Бүгін өзге елдің туын ұстап, алаңға шыққан баланың санасында өз елі жайлы түсінік қалмаса да таңғалмаймыз. Бар айып әуелдегі қадамдардан болғаны анық.
Тізгінді өзгеге қалай ұстаттық?
Жалпы, білім саласындағы сарапшылар Байқоңырдағы мектептердің мәселесіне келгенде түңіле қалады. Себебі ондағы оқушылар көштен бөлініп қалғандай басқа үрдіспен жүреді. «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейіржан Темірбек соңғы жылдары еліміздің білім саласы көршімізге көп жалтақтап кеткеніне қапалы.
– Мысалы, бір мемлекеттің ішінен екінші мемлекет ашу тәрізді әрекетті қалай түсінуге болады, айта алмаймыз. Білім саласын Ресейге жалтақтатуды көбейттік. Болашақ бағдарламасын көршімізге бағыттадық. Білім сапасына күмән көп Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстаннан филиалдарын ашатын болды. Дұрыс емес екені анық қой, басқа сөзім жоқ, – деді ол.
Бар мәселе оқушылардың санасында болып тұр. Білім тек оқыту емес, белгілі бір елге, жерге көзқарас қалыптастырушы құрал. Ал өзге елдің танымын сіңірген балаға келешекті сеніп тапсыру қиын.
– Байқоңыр бір төбе, Алматының өзінде балалардың басым бөлігі орыс тілінде білім алады. Аралас мектептерді көбейттік, салаға жауаптылар сұраныс бар деп сылтау айтады. Шынында, қазақ тілінде білім беретін мектептерде орын жоқ, ата-аналар өзге тілді сыныптарға амалсыз береді. Ал Байқоңыр мәселесі бұрыннан кеткен қателік. Ғарыш айлағын ғана емес, ол жердегі адамдар мен олардың санасын да жалға беріп жібердік. Ондағы адамдар расында Ресейге де қажет емес. Ертеңгі күні «жоғалған ұрпақтың» күйін кешеді. Шовинистік көзқарасын алға тартып, елді бүлдіреді. Байқоңырда оқушылардың Ресей акциясын қолдап жүргені – ресейлік оқулықтың жемісі, – дейді Қазақстан ұстаздарының тәуелсіз қауымдастығының мүшесі Дархан Ардақұлы.
Иә, келіспеске амал жоқ. Байқоңыр мектептерінің басым бөлігі Ресей бағдарламасымен қазір де оқытып жатыр. Қателік әуел бастан-ақ кеткен екен. 1994 жылы Байқоңырды Ресейге берген кезде Қазақстан жағы қалай ағаттыққа барғаны беймәлім. Ресей жағы «мектептерді өздерің қаржыландырып, өз бағдарламаларыңмен оқыта беріңдер» дегендей ұсыныс айтқанда, Қазақстан Үкіметі қаржыны ойлады ма, «бұл бізге тиімсіз» деп мектептерді Ресей бағдарламасымен оқыту құжатына қол қойып жіберген. Соның кесірінен қазір қаншама бала «Ресей тарихын» оқып жатыр, өзге елдің идеологиясына иланып жүр. Көпшілік «қазақ тілінде білім беретін мектептер бар» дегенді алға тартады. Бар, алайда қараңыз, Байқоңырдағы қазақ тіліндегі білім беру мекемелері 2006 жылғы 21 қарашада Қазақстан мен Ресейдің Білім және ғылым министрліктері қол қойған келісім аясында жұмыс істеді. Келісім бойынша білім беру мекемелерінің жұмыстары Ресей заңдарын басшылыққа алады және оқу бағдарламаларын Ресей стандарттарына сәйкес жүзеге асырады. Тек былтыр ғана 5 мектепті ол шырмаудан шығардық.
Ресей жалға алды, бірақ барлық инфрақұрылымды қамтамасыз етіп отырмағаны бізді қайран қалдырады. Жалға алушы қаладағы ғимараттарды күтіп ұстауды ғана міндетіне алған. Жаңадан құрылыс жүргізбейді, соның кесірінен қала әбден ескірген. Ал Қазақстан жыл сайын Байқоңырға ақша құяды. 2021 жылы қала үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген екен. Онда неге салаларды өз қарауымызға алмаймыз?
Қысқасы, Қазақстан мен Ресейдің Білім министрлігі 1994 жылғы 30 тамызда білім беру процесі бойынша келісімге келген. Білім беру мекемелерінде сол келісім негізге алынған. Яғни, барлық мектеп Ресей стандартымен оқытады. 2006 жылы Қазақстан және Ресей Федерациясының Білім және ғылым министірлігі қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін ұйымдарды Қазақстанның юрисдикциясына беру туралы келісімге келді. Сосын 2010 жылдан бастап тек қазақ мектептерінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті, география және Қазақстан тарихы пәнін оқыта бастадық. Былтыр 5 мектепті еншімізге алдық. Болғаны сол. Дегенмен бұл қалада солтүстіктегі көршінің идеологиясына иланып өсіп жатқан жастар көп секілді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через