Байлардың тізімі жасалып, дәулеті тексеріледі

Байлардың тізімі жасалып, дәулеті тексеріледі

Қазақстанда ең бақуатты адамдардың тізімі жасалып, олардың байлығының қайдан шыққаны анықталады. Мұндағы мақсат шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару. Бұл үшін қалталылар бөлек декларация тапсыруға міндеттелмек. Тиісті заң жобасы Үкіметте қаралды.

Үкімет елден заңсыз шығарылған миллиардтарды қайтарудың неше түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Сөйтіп, Әлихан Смайыловтың командасы бай адамдардың бөлек тізімін жасауды ұсынып отыр. 

Бұл тізімге іліккендер шетелдегі активтерінің шығу тегін растауы тиіс. Бұл үшін арнайы декларация тапсырады.

Егер шетелдегі вилласының, қымбат көлігінің немесе шетелдік банкте жатқан ақшасының заңды жолмен келгенін растай алмаса, бұл игіліктердің бәрі негізсіз сатып алынған деп танылады да, тәркіленіп, мемлекет меншігіне өтеді. Бірақ, эжкономистердің сөзінше, бұл бастаманың екі кемшілігі бар. Біріншіден, бұл активтерді табу оңай емес.

"Байлардың тізімін жасап, декларация тапсырту арқылы шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтару екіталай. Өйткені, олигарх болсын, шенеунік болсын ірі активтерді өз атына жазбайды. Бұл бесенеден белгілі. Достарының, танысының, алыс туыстарының атына тіркеп қояды. Яғни, декларацияда шетелдегі байлығын көрсетпейді", дейді Экономист Арман Бейсенбаев.

Активтерді табу бір бөлек, екінші мәселе  олардың заңсыз екенін дәлелдеу, деп хабарлады inbusiness.kz. Бұған дейін  Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 30 жыл ішінде Қазақстаннан 100 млрд доллардан астам қаражат заңсыз шығарылуы мүмкін екенін айтты.

Фото: prozakupki.mirtesen.rudamian-synaysky.ru