Бағдаршамға «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр

Бағдаршамға «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр

Елордада 6 және 8 жолақты жолдардың қиылыстарындағы бағдаршамдарға «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр.

Бағдаршамның бұл түсін сақшылар өз арасында «дайындық» режимі деп атап жүр. Мақсаты – қиылыста бағдаршамның «жасыл» түсті күтіп тұрған қозғалысқа қатысушылардың бәрі үшін бір мезетте 1 секундтық пауза ұсыну. Мамандардың айтуынша күрделі қиылыстарда осындай үзілістің болуы көлік апаттарының ықтималдығын азайтып отыр.

Ең алғаш бұл жаңашылдық Бөгенбей батыр-Республика қиылысында енгізілді. Талдауға сүйенсек, аталған режим бағдаршамдарға енгізілгенге дейін аталған қиылыста 17 жол-көлік оқиғасы, зардап шегушілерсіз 284 факт тіркелді. Ал режим іске қосылғаннан кейін мұнда ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ, зардап шегушілерсіз 8 факт тіркелді, - дейді қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.

Айта кетсек, былтыр «дайындық» режимі 12 учаскеге енгізілген. Ал үстіміздегі жылдың басынан бері 10 учаскеде осындай режим қолданыла бастаған. Атап айтсақ, қазір мұндай режим Бөгенбай-Республика қиылыстарынан бөлек, Жеңіс даңғылы мен Кенесары, Мәскеу, Молдағұлов, Алтынсарин, Есенберлин көшелерінің қиылысында, Момышұлы көшесі мен Сәтпаев, Жұмабаев көшелерінің, Ұлы Дала көшесі мен Сауран, Ақмешіт көшелерінің қиылысында жұмыс істеп тұр.

Фотосурет pxhere.com  datainnovation.org  алынды