фото: baq.kz
Бүгін – Республика күні.
Еліміз айтулы датана былтырдан бері кең көлемде тойлай бастады. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұрындық болды. Осылайша, соңғы 13 жылда елеусіз қалған мереке ел ішіне қайта оралды. Тіпті Мемлекет басшысы оған ұлттық мәртебе бергізді. Мұның саяси һәм салмақты себебі бар. 1990 жылы дәл осы күні «Қазақ Кеңестік социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияға қол қойылды. Бұл ел болып енші алуымыздың басты айғағы еді. Құжат аумалы-төкпелі кезеңде әзірленді.
Егемендік декларациясы – халқымыздың жан-жақты әрі ұзақ жылғы күресінің нәтижесі. Оны қабылдау арқылы мемлекеттік саяси-құқықтық негіздер бекітілді. Бұл – жеке территория, азаматтық, әскер, бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік. Сондай-ақ болашағымызды айқындау еркі өз қолымызға тиді. Бір сөзбен, бұл құжат әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізін қалады.
Сарапшылар атаулы датаны қайта жаңғырту ел ішінде болып жатқан реформалардың айғағы дейді. Республика күні – еліміздегі ең басты әрі жалғыз ұлттық мереке. Себебі елдік еркіндік, азаматтық азаттық, ұлттық ұлағат осы күнмен астарласып жатыр.
Иә, осыдан 33 жыл бұрын қабылданған егемендік декларациясы – тарихымыздағы ең бетбұрысты сәт. Ал Алаш арыстары аңсаған осы азаттықты әрмен баянды ету сіз бен біздің қолымызда.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через