фото: sputnik.kz
Шымкентте автобус жүргізушілері Таскешу тұрғын үй алабына кіруге қорқады. Ол жақта бұзақылар бес бірдей автобусты бүлдірген, деп хабарлайды Otyrar.kz порталы.
Бұзақылар Таскешуге кірген автобустарға тас лақтырады. Барлығының шынысы жарылып кеткен. Ал автобус жүргізушілері тастың кімнің атқанын да білмей қалады.
"Кешкі уақытта сағат 8-дің шамасында автобусқа бір нәрсенің тигенін естіп қалдым. Далаға шықсам, ешкім жоқ. Автобустың шынысы жарылып кетті. Мен кімнің тас атқанын да көрмедім. Мұның бәрі материалдық шығын ғой. Ал терезе ашық тұрса, жолаушыларға тиеді ғой", - дейді жүргізуші Қасымбек Ахметов.
Қазіргі кезде бес автобусқа зақым келген. Алдын ала есепке сәйкес, барлығын жөндеу үшін бір миллион теңгеден астам ақша керек. Мамандар автобустарды жөндеуге кірісті. Ал полиция тергеу шараларын бастады.
Таскешуге 149-ші бағыттағы автобустар ғана кіреді. Бұзақылар ұсталмаса, автобус жүргізушілері ол жаққа кірмейміз деп отыр. Онда жергілікті тұрғындар қиналып қалады.
Бұзақылар бір күннің ішінде үш автобусты бүлдірген. Үшеуі де жұмысқа шықпай қалды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через