Ауылда оқушылар мен ұстаздар мектепке ұлттық киіммен барады

Ауылда оқушылар мен ұстаздар мектепке ұлттық киіммен барады
фото: Б.Омаров атындағы № 50 мектеп/kaz.inform.kz

Сарыағашта ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мектеп бар.

оқушы

Фото: Б.Омаров атындағы №50 мектеп

Нұрлы жол ауылында орналасқан Б.Омаров атындағы № 50 мектептің оқушылары ұлттық нақыштағы киім киіп, сабаққа баруды күнделікті әдетке айналдырған.

Бұл бастамаға мектеп ұстаздары да атсалысып келеді.

Сондай-ақ, білім ошағының ұжымы қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру және еңбек пәндерінде де ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге басымдық береді.

Мәселен, оқушылар үйірме сабақтарында ұлттық аспаптарды меңгереді. Қос ішекті домбырамен күй шерткен шәкірттер ұлттық биді де назардан тыс қалдырмайды.

мектеп

Фото: Б.Омаров атындағы №50 мектеп

Қазақтың ұлттық ою-өрнектері, сырмақ сыру, құрақ құрау өнерін үйренеді.

Ал, дене шынықтыру үйірме сабақтарында ұлттық спорт кеңінен насихатталып, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ ойындарын ойнайды. 

Тіпті, қазақ күресінен жүлделі орындарды иеленіп, байрақты бәсекелерде аудан мерейін үстем еткен оқушылар да бар.

Атап айтар болсақ, ұлттық ойын көкпардан 11 сынып оқушысы Айдархан Бөрібай «Үздік шабандоз» номинациясын жеңіп алған. 

жеңімпаз

Фото: Б.Омаров атындағы №50 мектеп

Мектеп ұстаздары ұлттық құндылықтарды тек сабақ оқыту үдерісінде ғана емес, түрлі сайыстармен де дәріптеуде.

Айталық, мектепте қыз бен жеңге, әке мен ұлдар арасындағы жарыстар жиі ұйымдастырылады.

Мәселен, «Бұрымды қыз» байқауы, «Сырғалым сырласым» қыз бен жеңге сайысы, «Ағасы бардың жағасы бар» аға мен қарындас сайысы, патриоттық әндер байқауы, «Қазақ есебі» челленджі, «Асық ату» челленджі секілді іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады.

Осылайша сарыағаштық мұғалімдер салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық болмыстың ұмыт қалмауына мұрындық болып келеді.

киім

Фото: Б.Омаров атындағы №50 мектеп

Мектеп басшысының айтуынша, мұндай бағыт — мектеп оқушыларының рухани дамуына, бойларындағы ұлттық болмысты қалыптастыруға сеп болуда.

Білім шаңырағының бастамаларына қазір Сарыағаш ауданындағы өзге де мектептер қызығушылық танытып отыр.

киім

Фото: Б.Омаров атындағы №50 мектеп

«Мектебіміз өткен жылы Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында пайдалануға берілген болатын. Жаңа мектепке жаңа идеялармен келдік. Басты мақсатымыз — ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу болды. Содан арнайы тапсырыспен ұлттық киімдерді заманауи стильде тіктірдік. Бұл бастамаға ата-аналар мен ұстаздар қауымы қолдау білдірді. Қазір оқушыларымыз бен ұстаздарымыз ұлттық нақыштағы киімдерді тек мерекелік іс-шараларда ғана емес күнделікті мектепке киіп келеді. Мектеп ұжымының бұл небәрі 2 айда жеткен жетістігі» — дейді мектеп директоры Нұрбала Сарыбаева.

киім

Фото: Б.Омаров атындағы №50 мектеп