Ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған

Ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған
фото: agroinfo.kz

       Президент техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерудің маңызына тоқталды.

       Бүгінде ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызының тозығы жеткен. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

       Елімізде машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналып отыр. Осы ретте Президент жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет екенін атап өтті. Сәйкесінше еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерудің маңызына да тоқталды.

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс.

Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Aikyn.kz