Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүгін Ауған елінде тұратын бір топ қазақ қандасымыз елімізге сәтті эвакуацияланды. Кабулдан Алматыға арнайы рейспен 35 қандасымыз, 4 Қазақстан азаматы және БҰҰ-ның 1 қызметкері жеткізілді. Президент дипломаттарымызға және игі істі ұйымдастыруға атсалысқан барлық ведомство қызметкерлеріне алғыс айтты, - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facbook парақшасында.
Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы Кабулдан Алматы қаласының әуежайына 41 жолаушымен ұшып келді. Олардың ішінде Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған бар. Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланғаны айтылады.
“Эвакуациялық рейсті ұйымдастыру "Талибан" қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды. Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі қалыпты режимде жұмыс істейді және Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста. Өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін 18 тамызда Қазақстан Ауғанстаннан өзінің 25 азаматын және Қырғызстан, Ресей мен Литваның 16 азаматын эвакуациялаған еді. Бұдан басқа, Алматыға Кабулдан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы (UNAMA) және басқа да халықаралық ұйымдардың кеңселері уақытша көшірілген болатын.
Еске сала кетсек, президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы қазақ диаспорасын елге қайтару мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через