фото: sputnik.kz
"Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ баспасөз қызметі әуежайда кей жағдайда не себепті аяқ киімді шешу қажеттілігі туындайтынын түсіндірді.
Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік қағидалары әрбір рейс жолаушыларының жалпы санының кемінде 10 пайызын мұқият қарап шығуды талап етеді. Іріктеп тексеру және кездейсоқ тексеру рәсімдері ICAO халықаралық қауіпсіздік стандарттарында да қарастырылған.
Сондықтан бүкіл әлемдегі әуежайлар жолаушылардың 10%-ын автоматты түрде және кездейсоқ түрде анықтайтын рандомайзер функциясы бар доғалы металл детекторларымен жабдықталған. Астана әуежайында рандомайзерлер 2015 жылдан бері қолданылып келеді.
"Егер тексеру кезінде құрылғы белгі берсе, жолаушы рентген-теледидар қондырғысы арқылы жеке тексеру үшін аяқ киімін шешіп (құрамында металл заттар болмаса да), тексеруден өтуі керек. Сонымен қатар тексеру қызметкерлері бұл жолаушының қол жүгін мұқият тексеруге міндетті", - деді авиациялық қауіпсіздік қызметінің тексеру бөлімшесі бастығының орынбасары Абылай Саргозов.
Мұқият тексеру қасақана жасалатын рәсім емес, керісінше жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қарастырылған шаралар. Сондықтан жолаушылар асқан түсіністік танытып, тексерумен айналысатын инспекторлардың заңды талаптарын орындауы керек.
Сондай-ақ тексеруден жалтарған жолаушыларға "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңға сәйкес ұшуға рұқсат берілмейді.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через