фото: Atr.kz
17 қарашада бүкіл әлем халықаралық шала туылған балалар күнін атап өтті. Атаулы күнге орай «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері облыстық перинаталдық орталықтың шала туған нәрестелеріне тоқылған киімдер табыстады. Бұл киімдер рефлекторлық тітіркендіргіш ретінде қызмет етеді және дененің көптеген функциялары әлі қалыптаспаған кішкентай нәресте үшін аса маңызды.
– Еріктілер біздің кішкентай пациенттерімізге жылы заттар дайындағанын білгенде, қатты қуандық. Реанимациядағы шақалақтар үшін бұл қажетті сыйлықтар. Шала туылған нәрестенің денесінде терморегуляция бұзылғандықтан, оған қосымша қорғаныс қажет. Барлық еріктілерге және «Теңіз жүрегі» жобасына қамқорлығы үшін алғыс айтамыз, – деді Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Ермағамбетов Қазбек. Биылдан бастап Атырауда тоқыма тоқу клубы пайда болды, ол шала туылған нәрестелерге көмектескісі келетін мейірімді тұрғындарды біріктірді. Қатысушылардың саны осы уақытқа дейін көбейіп келеді және қазір клубта 20-дан астам еріктілер бар. Әр бейсенбі сайын жұмыстан кейін олар бірге уақыт өткізу үшін жиналады, ал жобаның шығармашылық координаторы Гаухар Тұрарбекқызы оларға тоқу құпияларын үйретеді және кеңестерімен бөліседі.
– Біздің еріктілер – жұмыстан кейін бізге келіп, қайырымдылықпен айналысуға уақыт табатын ТШО қызметкерлері. Олар 100 пайыздық жүннен 2 килограмға дейін туылған балаларға арналған бас киімдер, шұлықтар, ойыншықтар және басқа заттарды тоқиды. Жылы заттар сәбилерге қажетті дене температурасын сақтауға көмектеседі, ал жүн талшықтары жаңа туған нәрестеге табиғи рефлекторлық массаж болып табылады. Біздің еріктілер барлығы 83 затты дайындады: бас киімдер, шұлықтар, көрпелер, кеудеше және қолғап. Біздің волонтерлердің бұйымдары сәбилердің тез өсіп кетіп, дендері сау болып өсуіне көмектеседі деп үміттенеміз, – деп атап өтті «Теңіз жүрегі» жобасының шығармашылық үйлестірушісі Гаухар Тұрарбекқызы. – Мен клубқа келген кезде тоқи білмедім. Гаухардың арқасында бірнеше сабақтан кейін тоқу құралдарын сенімді ұстап, еркін тоқи бастадым. Бұл өте пайдалы дағды, әсіресе аналар үшін. Мен қазірдің өзінде балаларым үшін кейбір жылы нәрселерді енді өзім де тоқи аламын деп ойлаймын. Біздің хоббиіміз шала туылған нәрестелерді күтуге көмектесетініне өте қуаныштымын. Оларға зор денсаулық тілеймін! – деп жоба еріктісі Асанова Нәсіпжан өз ойымен бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тоқыма клубы «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Теңіз жүрегі» жобасы аясында жұмыс істейді. Жобаның бастамасы бойынша Атырау және Құлсары тұрғындары үшін апта сайын білім беру, ағарту және басқа да бағыттарда қайырымдылық іс-шаралар өткізіледі.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через