фото: istockphoto.com
Жалған ақпарат жайып, Ақтөбе жұртын дүрліктірген күдікті анықталды.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, желі қолданушысы шетелдік азамат болып шықты. Хабарлама иесі мектептерде терракт ұйымдастырылады деп жұртты әуреге салды.
«Қазір анықталған күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Жағдай бақылауда, халықтың дүрлігуіне ешқандай себеп жоқ», - дейді тәртіп сақшылары.
Мектептердегі бейнебақылау камералары үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Жергілікті полиция да күшейтілген режимде халық қауіпсіздігін қамтасыз етеді., деп жазды 24.kz.
Атырауда да мектептерге шабуыл жасалатыны туралы жалған ақпарат тарады. Жергілікті полиция жалған ақпаратты таратқандарға қарсы сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тұрғындардың үрейін туғызатын ақпарат кеше, 25 қаңтар күні кешкісін әлеуметтік желіде, WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде тарады, деп жазды kaz.inform.kz.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.
«Еліміздің бірқатар қаласында осындай жалған ақпараттар тарады. Құзырлы органдар тиісті іс-шараны қолға алды. Атырауда 26 қаңтарда мектептердегі сабақ қалыпты режимде өтеді. Құрметті ата-аналар үрейге бой алдырмаңыздар, тек ресми ақпаратқа сеніңіздер. Мектептерде қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданады», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жалған ақпарат таратушыларға қарсы сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Атырау қаласындағы мектептерде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат таралып жатыр. Осы дерекке қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір жалған ақпаратты таратқан адамдарды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде бейнекамера арқылы бақылау, мектептерге жақын тұста полиция жасақтарын көбейтуге ерекше назар аударылады. Бұл хабарламалар тұрғындар арасында дүрбелең туғызуға арналған. Сол себептен, тұрғындардан арандатушылыққа сенбеуді, тыныштық сақтауды сұраймыз», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через