фото: https://sputnik.kz
Астананың орталық саябағындағы гүлзарға ІІ Елизаветаның есімі беріледі
Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне ІІ Елизавета патшайымның есімі беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі бойынша жақын арада Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне ІІ Елизавета Патшайымның есімі беріледі. Бұл туралы сенат төрағасы Король ІІІ Чарльзбен сұхбат барысында мәлімдеді, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.
"Ұлыбритания монархы мұрагер ханзада ретінде 1996 жылы Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Сондай-ақ король патшайымның қазасына байланысты ықылас танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан басшылығы мен халқына игі тілектері мен ілтипатын жеткізді", - делінген хабарламада.
Айта кетері, парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің патшайымы ІІ Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты. Аталған рәсім 2022 жылғы 18-19 қыркүйек күндері Лондон қаласында өтті.
Сенат спикері 18 қыркүйекте Вестминстер холлында патшайымның табытын зиярат ету рәсіміне қатысып, Қазақстан Республикасының атынан ресми көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ол II Елизавета аса көрнекті көшбасшы және британ ұлтының бірлігі мен тұрақтылығының символы болғанын, алдағы уақытта да патшайымның тектілігі, қадір-қасиеті мен жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре беретінін атап өтті.
Ал бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корол ІІІ Чарльзге көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Онда мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан корольдің, корольдік отбасы мен барлық британдықтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ ел президенті Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через