фото: sputnik.kz
Астанадағы жеке емхана 16 мыңға жуық азаматты заңсыз тіркеген, оның 13 мыңнан астамы балалар, деп хабарлады әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
Бұл аздай, олар шетелге кеткендерді, тіпті 5-10 жыл бұрын қайтыс болған балаларды да тіркеп алған.
Сақтандыру қорының айтуынша, емхана заңсыз тіркеу есебінен 100 млн теңгеден астам қаражатқа 33 мыңнан астам қызметті "көрсеткені" анықталды.
"Емханаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің қаражатынан әрбір тұрғын үшін айына 1 617,64 теңге мөлшерінде базалық төлем есептеледі. Бекітілген халықтың жас коэффициенті бойынша сома әрбір емханада жеке реттеледі. Нәтижесінде аталған клиника мемлекеттен әрбір тіркелген адам үшін айына шамамен 1 800 теңге алды", - деп түсіндірді қор.
Осы факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді.
"Қазіргі уақытта Астана қаласының мамандандырылған экономикалық сотында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен елордалық емхана арасында заңсыз алынған соманы қайтару бойынша сот процесі жүріп жатыр", - делінген хабарламада.
Қазақстанда тегін көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтерге 2024 жылы 2,8 триллионнан астам теңге төленді, оның 2,1 триллионы МӘМС қорынан жұмсалады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через