Астанада заңсыз ілінген 1,5 мыңнан аса жарнама баннері алынып тасталды

Астанада заңсыз ілінген 1,5 мыңнан аса жарнама баннері алынып тасталды
фото: sputnik.kz

Астанада қала келбетін дизаин-кодқа сәйкестендіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда заңсыз ілінген 1500-ден астам маңдайша мен жарнама баннері алынып тасталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қала ғимараттарын жарнама баннерлерінен тазарту жұмыстарына 2019 жылы желтоқсанда мәслихат бекіткен дизайн-код негіз болған. Алайда пандемия басталып жұмыс кейінге шегерілді. Ал биыл сәуір айында президент көше жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырған еді.

Әкімдіктің ақпаратынша, жауапты міндет "Астана-Жарнама" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелді. Қазіргі уақытта ғимараттардың немесе құрылыстардың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру тұжырымдамасы әзірленді. Онда бизнес өкілдеріне елорданың сәулеттік сәнін бір стильге келтірудің үлгісі көрсетілген. Урбанистика орталығы мен әкімдік қызметкерлері әр ауданның кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырып, тұжырымдаманы талқылады.

"Маңдайшалар қасбеттің негізгі фризінен ерекшеленетін фонсыз (субстратсыз) болуы керек. Негізгі жазу фриз биіктігінің 70%-інен аспауы тиіс. Барлық белгі қасбеттің бір сызығында болуы керек және қажет болған жағдайда қасбеттің стиліне бейімделуі шарт. Белгілерде монохромды және үнсіз түстерді қолданған жөн", - дейді "Астана-Жарнама" МКМ басшысы Асылбек Төлемісұлы.

Айтуынша, белгілі бір жағдайларда, белгінің техникалық күрделілігі ретінде, фриздің түсіне немесе құрылымына ұқсас фондық субстратқа рұқсат етіледі. Маңдайшаларды жалпы симметрияны, қасбеттің визуалды қабылдауының тұтастығын бұзбайтындай етіп орналастыру қажет. Белгі ғимараттың архитектуралық элементтерімен қабаттаспаған жөн.

Бүгінгі таңда "Астана-Жарнама" мамандары жұмыс тәртібін бекіткен. Алдымен мүлік иелерінің бірлестігін ескертеді. Олар өз кезегінде шағын және орта бизнес өкілдеріне хабарлама таратады. Егер кәсіпкер маңдайшаны немесе жарнаманы шешуге күші жетпесе, аудандық әкімдік жұмысшылары жіберіледі.

Ең алдымен жұмыс елорданың орталық көшелерінен, атап айтқанда Б.Момышұлы даңғылынан, №2 үйден, Республика даңғылынан, №5 үйден басталды. Апта сайын үй-жайлардың иелерімен бейберекет орналастырылған жарнаманы ауыстыру жайында кездесу және түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Қазақпарат