фото: sputnik.kz
Астанада жалған шот-фактура жазғандар сотталды, деп хабарлайды Астана қалалық соты.
10 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жалған шот-фактура жасаумен айналысқан ер адам мен оның сыбайластарына үкім шығарды.
"Сотталушылар 2020-2022 жылдар кезеңінде жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей өзінің бақылауындағы 7 кәсіпорынның атынан шот-фактураларды жазып берген. Осылайшамемлекетке 773 млн теңгеден астам сомаға аса ірі көлемде шығын келтірген", - делінген қалалық сот хабарламасында.
Сондай-ақ сотталушы О. қылмысты ұйымдастырушы өзінің бақылауындағы кәсіпорындар арқылы жалған шот-фактураларды жазып, осындай қызметтерге мұқтаж контрагенттерді іздеп, олармен мәміле шарттарын талқылаған.
"Сотталушы А. бұрын мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері болғандықтан О.-ға осы кәсіпорындарды тіркеуге және таратуға жәрдем көрсеткен, салық бойынша кеңес берген. Қылмыстық топтың басқа үш мүшесі ұйымдастырушының өтініші бойынша өз таныстарының, сондай-ақ кездейсоқ адамдардың атына бақылаудағы кәсіпорындарды ашқан. Ал топтың бір мүшесі осы кәсіпорындардың шоттарына түсетін ақшаны қолма-қол ақшаға ауыстырумен айналысқан", - дейді ведомство.
Сотталғандардың кінәсі тергеу кезінде нақты дәлелденген.
"Ұйымдастырушы мен оған жәрдемдесушілер Қылмыстық кодекстің 216-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Олардың мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды", - делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен сотталушы О. ұйымдастырушы ретінде 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның көмекшілері А., Қ., С. және Н. коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 3 жылға сотталды.
"Олардың бақылауындағы кәсіпорындардың шоттарында болған 15,5 млн. теңге мемлекет кірісіне тәркіленді. Іс бойынша азаматтық талап қойылмады. Фискалдық органдар контрагент-кәсіпорындардан берешек сомасын өндіріп алады", - дейді сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через