Астанада тілі өсіп кеткен әйелге ота жасауға тура келді

Астанада тілі өсіп кеткен әйелге ота жасауға тура келді
фото: sputnik.kz

Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары сирек кездесетін диагнозымен түскен 62 жастағы әйелге операция жасады.

Макроглоссия - тілдің шамадан тыс ұлғаюымен сипатталатын сирек кездесетін патология. Адамның тіл аузына сыймай қалады, содан кейбір пациенттер жиі аузын ашып жүруге мәжбүр болады. Тыныс алу, тамақ жұтыну, тіпті сөйлеудің өзі қиындап кетеді. Ал ауруханаға түскен әйелдің тілі өте үлкен болды. Ұзындығы -16-18 см, ені - 10 см, қалыңдығы да бірнеше сантиметрге жеткен.

Оған қоса, пациенттің басқа да аурулары болды. Олар: жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі, коронарлық тамырларды аортокороналдық шунттау операциясы, жоғары дәрежелі артериялық гипертензия, қант диабеті, церебралдық атеросклероз, созылмалы вертебробазилярлық жеткіліксіздік.

Осыған байланысты ота бірден жасалмады. Кардиологтар, кардиохирургтар, невропатологтар мен эндокринологтар науқасты үш ай бойы мұқият зерттеді.

Содан кейін ғана отаға рұқсат берілді. Ал хирургтар Б.Д.Шалабаев, Д.Серікбайұлы мен А.А.Нұржанов отаны сәтті жасап шықты. Пациент операциядан кейін жансақтау бөлімінде жатты. Сол кезде жіті жүрек жеткіліксіздігі өршіп кетті. Бірақ мамандардың көмегімен жағдайы жақсарды.

Тілі де жазылды. 12 күннен кейін пациент үйіне жіберілді. Қазіргі кезде тіл әдеттегі өлшемдерге келді. Ал әйелдің өмір сапасы айтарлықтай жақсарды. Жұтыну қалыпты жағдайға келді. Қазір сөйлеуді қалпына келтіруге тырысып жатыр.

Қазақпарат