Астанада автотұрақ ақысын төлеуге арналған паркоматтар бұзылады

Астанада автотұрақ ақысын төлеуге арналған паркоматтар бұзылады
фото: sputnik.kz

Астана қаласында автотұрақтың ақысын төлеуге арналған терминалдардың бәрі алынады. Бұдан былай төлем онлайн режимде ғана жасалады.

"Астананың көлік тұрағы кеңістігі" компаниясы таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгінде жүргізушілердің 99 проценті тұрақ ақысын мобильді қосымша арқылы төлейді. Яғни паркоматтар арқылы транзакцияның тек 1 проценті жасалады.

"Осыған байланысты көше паркоматтарын демонтаждау туралы шешім қабылданды. Мердігер жыл соңына дейін жұмысты аяқтауға уәде беріп отыр және барлық шығынды өз мойнына алады ", - дейді компания мамандары.

Сондай-ақ мамандар 2023 жылдың 1 қазанынан бастап демалыс және мереке күндері автотұрақтар ақылы болатынын еске салды.

Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін автотұрақ тегін. Қазіргі кезде ақылы автотұрақтарға жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін тегін тұрақ жасау туралы ұсыныс қарастырылып жатыр. Ақылы автотұрақтар орналасқан аумақтағы үйлердің тұрғындары оларды енді тегін пайдалана алады.

ҚазАқпарат