Астанада 4 мыңнан астам бала мектепке балшық кешіп барып жүр

Астанада 4 мыңнан астам бала мектепке балшық кешіп барып жүр
фото: sputnik.kz

Астанада 4 мыңнан астам бала мектепке балшық кешіп, әрең жетіп жүр. Жаңа білім ошағына қатынау оқушылар үшін мұңға айналған.

Астаналық 4 мың оқушыға күн жылынғалы жаңа мектепке бару мұң болған. Тұрғындар қыс болса көктайғақ, мұзда құлап жатамыз дейді.

"Өліп қалса кім жауап береді? Не болады? Біреу мәселені шешу керек қой. Ертең қар ериді, сонда не істейміз. Екінші аяқ киіммен барады ғой. Сонда да өте алмайды", – деді қала тұрғыны Наталья Геллерт.

Жаңа білім ошағы желтоқсан айында қолданысқа берілген. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың есімімен аталған оқу ордасы 2 ауысымды екен. Мектеп 4 мың оқушыға арналған. Көркі көз қызықтырар білім ошағы қолданысқа берілгенде ата-аналар қауымы қуанған еді. Алайда, оған апарар жолдан қуаныштары су сепкендей басылған халық "зәулім ғимаратты салғанда мәселені ескермегеніне наразы.

"Көріп тұрсыздар, балалардың жүріп-тұруына жағдай жоқ. Иттер де көп жүреді. Балаларды қауып ала ма дейсің. Ол туралы да жаздық. Жауап жоқ. Менің балам құлап, 2 аптадан кейін кеше сабаққа барды. Үйге келгенде үсті түгел батпақ", – деді қала тұрғыны Махаббат Есімова.

Бұл мектептің қолданысқа берілгеніне 4 айдан асты. Әлі күнге мектепке апарар жол жасалмаған. Күнделікті оқушылар мұзда құлап, осындай балшық кешіп, білім ошағына жетуге мәжбүр.

Осы жылы Бөкейханов пен Рысқұлбеков көшесінен бастап жол саламыз. Асфальт төселіп, жарықпен қамтамасыз етіледі. Қаражат бар. Ал қазір уақытша адамдар өте үшін тас төсемдерін төгеміз", – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Қайрат Аманжолов.

Жауаптылар жолдың жөнделетініне сендірді. Қыста қонышына қар кіріп, ол ерісе саз балшық кешетін оқушыларға тағы 2-3 ай амалдай тұруға тура келеді.

Қазақпарат