Астана – Бурабай туристік электр пойызы жолға шықты

Астана – Бурабай туристік электр пойызы жолға шықты

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елордадан Бурабайға дейін арнайы туристік электр пойызы іске қосылды.

Астана – Көкшетау бағыты бойынша жүретін  вагондар ұлттық стильде безендірілген.

Жолда Бурабайға тоқтайтын электр пойызы күн сайын таңғы сағат 06:03-те «Нұрлы жол» вокзалынан шығып, курортты аймаққа сағат 09:57-де жетеді.

Кері қарай сағат 19:15-те аттанып, Астана-1 станциясына сағат 22:18-де, ал «Нұрлы жол» вокзалына сағат 23:00-де келеді.

«Мерекелік пойыз жобасын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Наурыз мерекесі қарсаңында жалғасын табады. Сондай-ақ, алдағы уақытта пойыз бағыттарының аясын кеңейту жоспарымыз бар. Алматы -Маңғыстау бағытында туристік пойызды іске қосамыз», - деді «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниель Сержанұлы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік безендірілген вагондардың баға айырмашылығы жоқ.

Бүгін іске қосылған туристік пойыз 2023 жылғы қаңтардың соңына дейін жүреді.

«Мерекелік пойыз туристер үшін ыңғайлы. Турпакетті сатып алғанда пойыздың құны ішіне кіреді. Яғни, бөлек билет алудың қажеті жоқ. Мысалы, сіз Бурабайға турпакет сатып алсаңыз көлік жағын уайымдамасаңыз болады. Сізді Бурабайдан күтіп алады. Жаңа жылдық электр пойызын іске қосудағы мақсат – өңірлерге туристер ағынын тарту және жергілікті туроператорлардың белсенділігін қамтамасыз ету», - дейді Даниель Сержанұлы.

Айта кетсек, аталған жобаны ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай Даму» ЖШС, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлесіп қолға алып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: rail-news.kz