Петропавлда әскери есепте 9 мыңға жуық әскерге шақырылушы тұрса, соның 510-ның жүрген жері белгісіз. Осыған байланысты мамандар ҚР Қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізіп, әскерге барудан қашқандарды 1-ден 6 жылға дейін соттауды ұсынды.
Петропавлда әскери есепте 8 711 адам тұр. Олардың тек 518-і ғана биыл әскер қатарына алынбақ. Қалғандары отбасылық жағдайға, оқуына, мұғалім болуына байланысты, денсаулығына қатысты уақытша босатылған. Ал әскерге шақырылуы тиіс 510 жігітті мамандар таба алмай жатыр.
«Әскерге шақыру науқанын өткізуде бірқатар мәселе бар. Солардың ең бастысы – әскерге шақырылушылардың жүрген жерін анықтау. Бізде әскери есепте тұрғандардың тұрғылықты жері мен уақытша мекен жайы халыққа қызмет көрсету орталығының электронды базасы арқылы нақтыланды. Алайда олар көрсетілген мекенжайларда тұрмайды. Тағы 180 адам Қазастан аумағынан шығып кеткен», - дейді Петропавл қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Бауыржан Есенеев.
Маманның айтуынша, әскерге шақырылушыларды шақыру комиссиясына келуге мәжбүрлейтін заңды тетіктер қарастырылмаған. Сондықтан нормативті-құқықтық актілерге бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынбақ.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына өзгеріс енгізуді ұсынамыз – әскери қызметтен өтуге бас тартқандарға, шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне келмегендерді 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесу. Ал әскерге бармау үшін өзіне-өзі жарақат салатындарға, өтірік ауыратындарға, жалған құжат жасайтындарға және шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне екі және одан артық келмегендерге 3 жылдан 6 жылға дейін жаза кесуді ұсынамыз», - дейді Бауыржан Есенеев.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: kz.otyrar.kz, ec-sport.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через