фото: https://alashainasy.kz/
Әскерден жалтарғандарға 3 млн теңге айыппұл салынады
Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп жатыр. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру 2022 жылғы 1 наурыздан басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Азаматтарды шақыру пункттеріне медициналық комиссиядан өту үшін шақыруға қатысты барлық рәсімдер заңнамаға сәйкес жүргізілетінін хабарлаймыз.
18-ден 27 жасқа дейінгі әскерге шақыру жасындағы жасөспірімдер шақырту қағазы және sms-хабарламалар жіберу арқылы медициналық комиссиядан өтуге келу қажеттігі туралы мәлімделеді.Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады», - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша шақыру медициналық комиссияның нәтижелері бойынша шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге жарамдылық дәрежесі айқындалады. Егер жас жігіт жарамсыз деп танылса, онда сол күні ол жинау пунктінен үйіне қайтады. Егер әскерге шақырылушы қосымша тексеруді қажет етсе, онда ол медициналық мекемелерге жіберіледі.
«Медициналық комиссия тексеруінен сәтті өткен және қызметке жарамды деп танылған әскерге шақырылушылардың әрбірін әкімнің орынбасары төрағалық ететін шақыру комиссиясы дербес қарайды. Осылайша, әскерге шақыру туралы шешім қабылданады.
Сонымен қатар, шақыру бойынша медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралатынын естеріңізге саламыз.
Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Әскери қызметтен жалтару бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға әкеп соғады», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через