фото: https://kursiv.kz
Арнайы экономикалық аймақ экономиканы өркендетуге септесе ме ?
АЭА-ларға жан бітетін сыңайлы Қазақстанның бірнеше өңірінде арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істейтіні белгілі. Бірақ қанша талпынса да осы құрылым даму арнасына түсе алмай, кібіртіктеп тұр еді. Енді елімізде Президент тапсырмасымен Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша жол картасы әзірленді. Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, жол картасы АЭА-ны дамыту жөніндегі басты стратегиялық құжатқа айналады. Елімізде АЭА-лардың инфрақұрылымын реттеуге 393,5 млрд теңге бөлінген. Қазір АЭА «Оңтүстік», «Инновациялық технологиялар паркі» және «Қорғас – Шығыс қақпасында» инфрақұрылым жұмыстары толығымен аяқталған. Бүгінгі таңда ел аумағында 13 АЭА жұмыс істейді. АЭА қатысушылары үшін арнайы құқықтық режим қолданылады, онда мыналар көзделген: салық міндеттемелерінен босату; кедендік баждардан босату; инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген дайын өндірістік алаң ұсыну; квоталар мен шектеулерден тыс шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі. «QazIndustry» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазовтың айтуынша, АЭА аумағындағы экономикалық қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын 818 қатысушы тіркелген. АЭА инвестициялық портфелін іске асыру есебінен отандық өнеркәсіпті дамыту үшін қосымша серпін беріледі. Инфрақұрылымдық жобалардан басқа АЭА аумағында 21 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 1,2 трлн теңге сомасына 315 инвестициялық жоба іске асырылады. «Жобаларды іске асыру есебінен 5,5 трлн теңге инвестиция салынды. Оның ішінде өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға 2,2 трлн теңге бөлінген. Жалпы, 2018 жылдан бастап инвестиция тартудың оң динамикасы байқалады. АЭА аумағында өндірілген тауар өндірісінің көлемі 5,5 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бойынша жыл сайын оң динамика байқалады және 2020 жылдан бері жалпы көрсеткіш 1 трлн теңгеден асады. АЭА тауар номенклатурасы өндірістің барлық салаларында орта және жоғары технологиялық тауарлармен ұсынылған. АЭА табиғатынан бірегей. АЭА қатысушылары жолға қойылған өндірістік өзара іс-қимылдарымен ерекшеленеді. Олардың есебінен АЭА-да кластерлік тәсілдерді жоғары дамыту әлеуеті бар. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ базасында соңғы буын, логистикалық кластер құрылды. «Астана – жаңа қала» АЭА-да бұрын Қазақстанда болмаған теміржол жасау, машина кластері құрылды. «Оңтүстік» АЭА-да тоқыма өнеркәсібі жандандырылды. Ұлттық индустриялық мұнай химия технопаркімен және «Павлодар» АЭА мұнай-химия кластерінің негіздері қаланды» деді спикер. Бопазов айтқан тағы бір дерек, елімізде АЭА-лардың қатысуымен 70 жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында 17 мың жұмыс орны құрылды. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 386,9 млрд теңгеге жеткен. АЭА-да: «Alstom»; «Трансмашхолдинг»; «Eurocopter»; «Paramount Group» секілді бірқатар трансұлттық корпорациялар жұмыс істейді. «Мысалы, «Павлодар» АЭА аумағында өндірілетін қыздырылған мұнай коксы – РФ мен Қытай нарықтарына, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында өндірілетін болат құбырлар – Францияға экспортталады. «Оңтүстік» АЭА аумағында өндірілетін тоқыма өнеркәсібі өнімдері Канадаға, Түркияға, Ресейге және Орталық Азия елдеріне жеткізіледі. Төленген салық міндеттемелерінің көлемі шамамен 300 млрд теңгеге жетеді. Сонымен қатар АЭА инфрақұрылымын жүргізуге жұмсалған мемлекеттік қаражатты толық қайтару қамтамасыз етілді. АЭА қатысушыларымен жұмсалған 1 теңгеге мемлекетке инвестициялық салықтар мен қаражат есебінен 6,2 теңге қайтарылды. АЭА аумағында 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Жоспарланған жобаларды іске асыру есебінен қосымша 22 мың жұмыс орны ашылды. Тұтастай алғанда, АЭА-ның экономикалық тиімділігі байқалады» деді спикер. Бір ғана «Оңтүстік» АЭА-ның өзінде 32 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған аймақтың басқарма төрағасы Ерболат Сариев мәліметінше, жобаларға тартылған инвестиция құны 55 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде 2500 жұмыс орны құрылды. «Оңтүстік» АЭА-нда 12 жылдың ішінде 126 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның жартысы, яғни 49,8 пайызы экспортталады. Экспорт географиясы өте кең. Шығысында – Жапонияға, батысында – АҚШ пен Канадаға, Солтүстігінде – Финляндия, оңтүстігінде – Сауд Арабиясы мен Иран сияқты 23 мемлекетке жеткізіледі. Бірінші жартыжылдықта төленген салық және әлеуметтік төлемдер құны 7 млрд теңгеден асты. Қазір жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға құйылған инвестициялар құны мемлекеттік 1 теңгеге 7 теңгені құрайды. Жүзеге асыру барысындағы жобаларды қоса есептегенде 16 теңгеге жақындап отыр. 2021 жылы аймақтағы кәсіпорындардың жалпы өндіріс көлемі екі есе артты. 2020 жылы 15 млрд-тың өнімі шығарылса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 30 млрд құрады. Бұл үлкен жетістік. Экспорт 45 пайызға өсті. Салық төлемдері 54 пайызға жетті. Жұмыс орындары 28 пайызға өсті. Биылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштер жақсы. Өндіріс көлемі 70 пайыз артты. Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты экспорт төмендеді, бірақ салық пен жұмыс орындарының құны артты» деді АЭА басқарма төрағасы. Өз кезегінде Ілияс Оспанов өз мүлкін кепілге қою арқылы айналым қаражатын ала алмаған АЭА қатысушыларына қалай көмектесетіндерін айтып берді. «АЭА қатысушыларынан – кәсіпорындардан банкте мүлікті кепіл ретінде қабылдамайды немесе қиындықпен қабылдайды деген мәселе жиі көтеріледі. Кейбір өңірлерде үлкен жиналыс өткізіп, оны кепілге алуға көндіруге тура келетіні айтылды. Қазір біз шартты түрде бұғатталған көлемнің есебін жүргізіп жатырмыз, оны кепілге қоюға және несие алып, одан әрі дамуға болады. Осы мәселені шешу үшін АЭА қатысушысына өзінің негізгі міндеттемелерін іске асырғаннан кейін, зауытты іске қосқан соң, жер кодексі бойынша жер мен мүлік бөлінбейтін болса, АЭА қатысушысына АЭА режимінде жұмысын жалғастырып, өзінің барлық міндеттемелерін орындауы үшін міндеттемелер жүктейтін нормалар әзірленді. Бұл компанияларымызға банк қаражатын қосымша тартуға көмектеседі» деп атап өтті спикер.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через