Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша іздеуде жүрген нигериялық ұсталды

Ақжарқын  Тұрлыбайдың  ісі  бойынша  іздеуде  жүрген  нигериялық ұсталды
фото: https://sputnik.kz

Ақжарқын  Тұрлыбайдың  ісі  бойынша  іздеуде  жүрген  нигериялық ұсталды

Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша күдікке ілінген Нигерия азаматы ұсталды. Бұл туралы қазақ қызының адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов хабарлады.

"Алдын ала мәлімет бойынша 2014 жылы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайға сапарын ұйымдастырды деген күдікке ілінген Нигерия азаматы Адиндо Нонсо Фортуне "Джонни" шет мемлекеттің аумағында ұсталды", - деп хабарлады адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Қазақстанның ішкі істер министрлігі бұл адамға қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.

Нұрмағамбетов толығырақ ақпарат алу үшін Қазақстан ішкі істер министрлігіне адвокаттық сауал жолдағанын айтты.

Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

Араға үш жыл салып, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Гуанчжоу соты үкім шығарды – жаза өзгеріссіз қалды.

2019 жылы Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды.

2019 жылы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде ізгілік танытып, Ақжарқынды Отанына қайтаруға жәрдемдесуге шақырды.

Осы жылдың мамырында Бас прокуратура Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқанын хабарлады.

Бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүргенін хабарлаған еді. Сонымен қатар, ол көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.

Мәтіндегі ақпарат туралы