фото: ИА «NewTimes.kz»
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ақылы автотұрақтар мәселесін шешуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді.
«Қалада ақылы автотұрақтар болуы керек. Мұндай шешім әлем елдерінде де іске асырылып жатыр. Онсыз ешбір әлем астаналарында көлік кептелісі мәселесі шешілмейді», – деді Ж. Қасымбек елорда кәсіпкерлерімен кездесуден кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Қазір ақылы автотұрақ жұмысына жауапты компаниямен серіктестік қатынастары қайта қаралып жатыр. Егер әкімдік ұсынған талаптармен келіспесе, онда бұл компаниямен арадағы шарт тоқтатылады.
Жақында әкімдік автотұрақ орындарына қатысты өзгеріс енгізбек. Бұл ретте, әлеуметтік нысандардың маңында, яғни ауруханалар, мектептер аймағындағы орындарда тұрақтар тегін болады.
Сонымен қатар әкім елорданың сол және оң жағалауындағы бірқатар көшеде біржақты көлік қозғалысы болатынын айтты.
«Қазір Абай және Кенесары даңғылдарында біржақты қозғалыс бар. Жалпы, елорданың сол және оң жағалауындағы көшелерде біржақты көлік қозғалысы болады. Дегенмен дәл қазір қай көшелерге осы жаңа тәртіп енгізілетінін айта алмаймын. Бұл мәселені қала тұрғындарымен ақылдасып барып бір шешімге келеміз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через