фото: Хабар 24
Ақтөбелік ару көлік қозғалтқышын жөндеп, металл жонуды меңгерген.
Ника Елубаева нәзік жандылардың кез-келген мамандықты иегере алатындығын дәлелдеп жүргендердің қатарынан. Әдетте маңайында тек ер азаматтар жүретін станогты ол күнделікті жұмыста пайдаланады. Тапсырыс қабылдап қосалқы бөлшектерді жасауға машықтанған.
Ника Елубаева «ес білгелі әкемнің қасында көлікжайда жүрдім»,- дейді. Бала күнінен қосалқы бөлшектерді зерттеп, темір жонудың қыр-сырын үйренген. Мектепті тәмәмдаған соң жоғары оқу орнының халықаралық қатынастар факультетінде білім алыпты. Тіпті 6 жыл Түркияда тұрған. Әкесі дүниеден озған соң елге оралдым дейді.
Ника Елубаева, қала тұрғыны:
- Бала күннен игерген кәсібім ғой. Бірақ темір жонуды әкем қайтқан соң ғана мамандық ретінде қабылдадым. Әкемнен қалған білдектер бар. Алғашында айналамдағы жандардың барлығы қарсы болды. Құрал-саймандарды сатып жіберуге де үгіттеді. Әйел адамның ісі емес дейтін. Соған қарамастан қосалқы бөлшектерді жона бастадым. Сапалы шығатынана да көпшіліктің көзі жетті.
Бұған дейін Ника Елубаева сән саласында модель, ит жаттықтырушы кинолог боп та үлгерген. Бірақ «темірді қалыпқа келтіріп, істен шыққан қозғалтқышқа қайта жан бергенде көңілім жадырап шығады»,- дейді. Бастапқыда тосырқап қалатын жүргізушілер артынан көз үйреніп, тіпті іздеп келетіндері де бар көрінеді.
Ника Елубаева, қала тұрғыны:
- «Қыз бала ма? Сізге кеп тұрмын ба?»,- деп сұрайды көбіне. Телефон соқса «күйеуіңізді, әкеңізді шақырып жіберіңізші»,- дейтіндер де бар. Бірақ қосалқы бөлшектерді жөндеуге әкелгенде барлығы да көмектескісі кеп тұрады. Ауыр темірлерді көтеріп, қолұшын береді.
Токарлықты игерген талдырмаш қыз білдектерін жаңартуды армандайды. Әкеден қалған құрал-саймандар кеңестік кезеңнің бұйымдары. Автоматты түрде есеп-қисап жасайтын заманауи жабдықтар алсам ізбасар-көмекші етіп қыз баланы үйрету ойы да бар. Бірақ әзірге ниет еткен арулар жоқ дейді.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через