фото: inform.kz
Ақтау тұрғындары пәтерін бүрге қаптағанын айтып жатыр. Әсіресе, қаланың төменгі аймағына қоныстанғандар жәндіктерден жапа шегіп отыр.
Тұрғындар Ақтау қаласының төменгі шағынаудандарында, атап айтсақ, 2, 3, 5, 6, 8, 13, 14 және 27 шағынаудандарда бүрге көбейгенін айтып шағымданған.
Олар сервистік компаниялар мен әкімдіктен жертөлелерді дезинфекциялауды сұрайды.
Ал Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, қазірдің өзінде жертөлелерді бүргелерден санитарлық тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Кейбір үйлерге дезинфекция жұмыстары бірнеше рет жүргізілген.
«Ақтау қаласындағы көппәтерлі үйлердің жертөлесінде бүргеге қарсы улау жұмысы жүргізіліп жатыр. Кей үйлерді қайтадан улап жатырмыз. Мәселен, 6-шы шағынаудандағы №33 үйді осымен алтыншы рет бүргеге қарсы дәрімен улап жатыр. Негізі тұрғындар бүргенің көбеюін далада жүрген мысықтардан көріп отыр. Ойын алаңдарында, тұрғын үйлердің айналасындағы алаңдарда бүрге қаптап кетті дейді тұрғындар», - дейді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілдері.
Ал жануарларды қорғаушылар бүргелердің көбеюінің себебі басқа болуы мүмкін дейді.
«Қаңғыбас жануарлар бұған дейін де болған. Бірақ неге дәл осы жылы бүргеден осындай проблема туындады? Біз бәріне жануарларды кінәлаймыз. Бірақ ПИК өз кінәсін көрмей отыр. Былтыр мысықтар кіріп кетпесін деп жертөлені бітеді. Ауа айналымы болуы керек деп ескерттік. Биыл жертөледе ылғал көп болғандықтан бүрге пайда болған. Мысықтарды аңдығанша жертөлелердің жағдайын бақылау керек», - дейді зооқорғаушы Ирина Болатова.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото inform.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через