Ақтауда 16 дәрігер уланды: мейрамхананың 7 қызметкерінен стафилококк анықталды

Ақтауда 16 дәрігер уланды: мейрамхананың 7 қызметкерінен стафилококк анықталды
фото: sputnik.kz

© Photo : Рixabay 

Ақтау қаласында дәрігерлер уланған мейрамханаға тексеру жүргізілді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы.

Қонақ үй мейрамханасында барлығы 24 қызметкер жұмыс істейді, оның 22-і дәрігерлер уланған күні ауызашар кезінде қызмет еткен.

"Қонақ үйдің тамақтанатын орнына жоспардан тыс санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізілді. Мейрамхананың ауызашарда қызмет көрсеткен қызметкерлеріне зертханалық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 7 адамнан стафилококк бактериясы табылды", - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар мейрамханада жарамдылық мерзімі өткен 73 түрлі өнім анықталған.

"Тексеру барысында 20 қызметкердің медициналық кітапшасы жалған екені анықталды, төртеуі алмаған, барлық 24 персонал жұмыстан шеттетілді. Жарамдылық мерзімі өткен 73 түрлі өнім анықталып, жойылды. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 425-бабы 2-бөліміне сәйкес, мейрамхана әкімшілігінің қылмыстық іс-әрекетін анықтау мақсатында Ақтау қаласының полиция басқармасына хат жолданды", - дейді ведомство.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Ақтау мейрамханаларының бірінде ауызашарға барған 50 дәрігердің 16-сы астан уланып қалған.

Алты адам амбулаториялық емге жіберілсе, 10 дәрігер аурухана төсегіне таңылды.

Қазақпарат