Ақсу қант зауыты осы жылдың наурыз айында іске қосылып, 40-50 мың тонна қамыс қантын өндіруді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зауыт қайта жабдықталып, жаңа желілер қойылған, қазір іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш мың тонна қант құрағын әкелуге келісімшарт жасалған, оған Алажиде темір жол стансасында 7 мың тонналық қойма дайындалды. Қызылша өсіру жеткілікті көлемге жеткізілгенде, зауыт оны да өңдеуге дайын. Бұл туралы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Үш сағатқа созылған кездесуде облыс басшысына 30-дан астам сауал қойылды.
Өз баяндамасында Бейбіт Исабаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталды.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазан айында Талдықорғанға барған сапарында Ақсу қант зауытының жұмысын сыңға алған болатын.
«Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмай отыр. Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Тіпті, тиісті кадрлық шешімдер қабылдауымызға тура келді», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорғандағы 2022 жылдың қазан айындағы сапарында.
Осы сыннан кейін бірден жергілікті билік іске кірісіп, Ақсу қант зауытын жандандыруға бар күштерін салуда
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через