Ақша аударымдарына қатысты жалған чек қосымшасы пайда болды

Ақша аударымдарына қатысты жалған чек қосымшасы пайда болды

       Ғаламторда кез-келген қосымша арқылы ақша аударымдарын растайтын жалған түбіртек боты талқылануда. Осыған байланысты Standard.kz порталы да осы мәселеге үніліп көрді

      Ақша аударымдарын растайтын қосымшаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Видеода Тelegram-дағы бот арналардың бірінен Kaspi, Qiwi, тағы басқа қосымшалардың жалған чегін демде дайындауға болатыны түсіндірілген. Тіпті қажет сомма мен уақытын, қаржы аударған адамның атына дейін жазылған түбіртектен оның жалғандығын ажырату мүмкін емес. Осы орайда,  IT маманынан бұл түбіртекке қалай алданып қалмауға болатынын зерттеп көрдік.

       "Тelegram-дағы бұл боттың дәл осылай түбіртек жасағанына күмәндануға болмайды. Шынымен де қазір жалған құжат жасайтын қосымшалар өте көп. Бұл қарапайым банк жүйесі іспетті. Ол жерде де дайын шаблондар қолданылады. Онда алдын ала қажетті бот түбіртектер дайындалады. Осылайша сұрау салған адамның мәліметіне бірден жауап келеді. Мұндай түбіртектердің жалған не жалған еместігін ажырату мүлдем қиын. Кез-келген адам егер ақшаның түскенін өзінің телефонынан нақтылап көрмесе, алданып қалады. Өйткені бұл жалған түбіртектердің арнайы бір ажырататын ерекшеліктері жоқ. Тіпті оларды компьютердегі графикалық бағдарламалармен де әзірлеуге болады. Сондықтан кез-келген адам ақша аударымдары жайлы түбіртектерді сұратқаннан кейін міндетті түрде қаражаттың түскен-түспегенін қарауы керек", — дейді IT маманы Бақтияр Алтынбеков.

       Видеоға қатысты IT маманы дәл осылай пікір білдірді. Оның айтуынша, ғаламторда тараған жалған түбіртек қосымшасын алаяқтар көп қолданады, деді ол. Аталған мәселеге байланысты Алматы қалалық полиция департаментіне де сұрау салдық. Тәртіп сақшылары мұндай жағдайдың бірнеше мәрте тіркелгенін айтты.

       Бір жыл бұрын тіркеле бастады. Бірнеше рет сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертіп, буклеттер тараттық. Соған қарамастан тәжірибеде алданып қалған адамдар кездесіп жатыр. Біз жиі адамдарға ақшаның түскен-түспегенін нақтылауды сұрап келеміз, дейді қалалық ПД баспасөз қызметіндегілер.