фото: https://mangystaumedia.kz
Экологтар әлеуметтік желілерде таралып кеткен бейне материалға қатысты ақпарат берді. Видеода "Rixos" қонақ үйі ағынды суларды Қаракөл көліне ағызып жатқанын көруге болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қаракөлге құйылған белгісіз қара сұйықтықтың аққулардың өліміне қатысы бар болуы мүмкін, дейді қоғам белсенділері. Осы мәселе бойынша экологтар мен орнитологтар тексеру жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті бүгін-ертең Қаракөлге ағынды суды жіберу фактісін тексеретінін хабарлады. Қазіргі таңда су сынамалары алынды. Егер су сынамаларын талдау нәтижесі бойынша ластаушы заттардың құрамы рұқсат етілген концентрациясынан асып кету анықталса, қонақ үйге айыппұл салынуы мүмкін, айыппұлдің көлемі ағынды сулардың көлемі мен құрамына сәйкес есептеледі. Айта кету керек, бұл қонақ үйдің ағынды суды Қаракөлге төгуі бірінші рет емес. Екі жыл бұрын Rixos қонақ үйі ағынды суларды төгу кезінде экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 76 миллион теңге айыппұл төлеген болатын. "Rixos Water World Aktau" қонақ үйі Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Қаракөл — сулы-батпақты жер, яғни ол ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ол республикалық маңызы бар Қарағай-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қорығына жатады. Көлде Қазақстанның Қызыл кітабына енген бұйра пеликан мен савка сияқты құстар мекендейді. Сонымен қатар, халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген құстардың 20-дан астам түрі мекендейді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через